ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тараз қаласындағы медициналық жедел жәрдем стансасы 27 жаңа көлікпен толықты. Орталық «Достық» алаңында көлік кілттерін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев салтанатты түрде табыстады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауындағы басым бағыттардың бірі -медицина саласы, халық денсаулығының сапасын арттыру. Бұл бағытта Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір көрінісі ретінде өңірдегі медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Бүгінгі таңда аймақтағы елді-мекендердің басым бөлігі медициналық нысандармен қамтылып, мекемелер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ал мереке қарсаңында адам өмірін сақтап қалуда маңызды роль атқаратын жедел-жәрдем стансасы жаңа көліктермен толықты.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, жедел жәрдем қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
— Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру мақсатында облысымызда бүгінгі күнге қажетті 95 нысанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ағымдағы жылы 30 нысан, 2019 жылы 40 және 2020 жылы 25 нысан салу жоспарланып отыр, — деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.
Бұдан кейін Тараз қаласына-4, Жамбыл ауданына-5, Байзақ ауданына-2, Жуалы ауданына-1, Қордай ауданына-5, Меркі ауданына-1, Мойынқұм ауданына-2, Талас ауданына -1, Шу ауданына -4, Сарысу, Т.Рысқұлов ауданына-1автокөліктен берілді.
— Адам өмірін қорғайтындықтан дәрігерлер қоғам өмірінде ерекше орын алады. 2016-2019 жылдар аралығындағы Денсаулық бағдарламасының арқасында бүгін жедел жәрдем стансасының қуанышты күні 27 автокөлік жаңартылып жатыр! Автокөлікке жаңа медициналық жабдықтарда алынды, — деп денсаулық сақтау саласының ардагері Ұлбосын Тутешова өз қуанышымен бөлісті.
https://youtu.be/CgUCDx5k0bU