Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Мойынқұм ауданының ең шалғай ауылы болып саналатын Ұланбел ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Аудан орталығы Мойынқұм ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Ұланбел ауылында 1200 ден астам халық тұрады. Бүгінге дейін елді мекен тұрғындары дертіне шипа табу үшін орталыққа келіп кететін. 1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауыл тұрғындарының игілігіне дәрігерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Елбасының биылғы Жолдауында ауыл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігі басым бағыт ретінде көрсетілген болатын. Осы мақсатта ашылған медициналық нысанның құрылысы ағымдағы жылдың мамырында басталған еді. Мердігері «Қаратау құрылыс» ЖШС. Жоба құны — 77,7 млн. теңге.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып табылатындығы және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Осыған орай, облыста бүгін мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде жаңа 29 нысан ашылмақ. Оның екеуі осы Мойынқұм ауылына тиесілі.