Байзақ ауданы Аймантөбе елді-мекенінде медициналық нысан бой көтерді

0 10

Байзақ ауданы Аймантөбе ауылының тұрғындары мереке қарсаңында үлкен қуанышқа бөленді. Ауыл халқы үшін медициналық пункт пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып табылатындығы және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға берілген бұл медициналық нысанның құрылысы осы жылдың маусым айында басталып, небәрі төрт айдың ішінде аяқталды.  Жалпы аудан бойынша мереке қарсаңында 6 медициналық тірек тапсырылды.Кейбір мемлекеттік қызметті бизнес атқарса тиімді болатыны жайында әу баста  «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамда» айтылған болатын. Нәтиже анық. Елбасының көреген саясаты өз жемісін беруде. Қалталы азаматтардың қаржысы ел игілігіне жұмсалуда. Медициналық бекеттердің барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Алғаш болып лентасы қиылған тірек Байзақ ауданындағы Аймантөбе ауылындағы медпункт болды. 1000-ға жуық тұрғыны бар елді-мекендегі ағайын бұдан былай алысқа сенделмей, ауылдарында уақытылы ем алатын болды.

— Ауыл тұрғындары ем қабылдау үшін ауданға баратын. Енді өзіміздің ауылда осындай  медпункт ашылды. Біз өте қуаныштымыз. Мұның барлығы Елбасымыздың, мемлекетіміздің ауыл халқына жасап жатқан қамқорлығы деп білеміз. Барлықтарыңызды Тұңғыш Президент күні меркесімен құттықтаймын, — деп жүрекжарды лебізін білдірді Зәуре Баяндиева.

Мұнда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар толық қамтылған. 10 келушіге арналған бекетте 2 мейірбике жұмыс істейді. Жобаға 29 млн 907 мың теңге жұмсалған.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі, 7-і жекеменшік балабақша.

Leave A Reply

Your email address will not be published.