Пікірталас – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін де жеке пікір болу керек. Ал жеке пікір айта білу мен ойыңды орынды жеткізу үшін пікірталас жарыстарына қатысқан абзал.
Пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді.
Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады. Ал пікірталас жарыстарына қатысқанда ескерер жайттар болады. Біз бүгін пікірталас мәдениетіне жататын сол жайттарға тоқталатын боламыз.
1. Пікірталаста ой мен сөздің бірлігі – жеңіске жеткізетін құрал. Бәрінен бұрын пікірталастың тақырыбына қатысты ұғымдарды анықтап алып, қажетті сөздер мен терминдерді дәл тауып қолдану қажет. Әсіресе ғылыми терминдерді шектен тыс қолданбаған жөн.
2. Пікірталасқа түскендердің бәріне бірдей қолданылған сөздер түсінікті болуы қажет. Кейде көпмағыналы сөздердің әсерінен түсінбестіктер орын алуы мүмкін. Сондықтан көпмағыналы сөздерді дұрыс іріктеп қолданбау сөйлеудегі қателікке ұрындырады. Сондықтан кейбір жағдайларда сөзді қандай мағынада жұмсап тұрғаныңды айтып қойған да жөн. Сөз мағыналарымен жұмыс істеу мақсатында түсіндірмелі және этимологиялық сөздіктерді жиі қолдану қажет.
3. Пікірталаста барлық пікірге бірдей қарсы шыға беруге болмайды. Кейде қарсыласыңның келтірген дәлеліне келіскен де дұрыс. Бірақ келісе отырып, ол дәлелдердің пікірталас тақырыбына тікелей қатысы жоқ екендігін түсіндіре алу қажет. Сөйтіп, өз көзқарасыңның дұрыстығын қорғай алу қажет. Егер қарсы жақтың келтірген дәлелдері ақылға сыйымды, орынды болса, оған қарсы шығудың керегі жоқ. Қасарысқан қыңырлық еш уақытта пікірталасқа нәтиже бермейді.
4. Пікірталас мәдениетінде қарсыласыңды құрметтеу, пікірін сыйлау, оны сабырлықпен тыңдай білу керек. Оның дәлеліне нанымды дәлелдермен тойтарыс беруге болады, бірақ дөрекі сөздермен, мазақ күлкімен жәбірлеуге, дауыс көтеріп ұрысуға мүлдем болмайды. Өзгелердің көзқарасын құрметтей білу – ойлы, ақылды, білімді адамдардың ісі.
5. Пікірталаста қызбалыққа салыну орынсыз. Эмоцияға берілген адам қарсы жақтың пікірін түсінуге, тыңдауға құлықсыз болады. Керісінше, салқынқанды, сабырлы, өзін-өзі ұстай алатын адам әр уақытта жеңіске жетеді. Себебі ол анық, айқын, байыпты ойлай алады. Сондықтан сабырлылықты пікірталаста сақтай білу – сайысшы үшін маңызды қасиет.
6. Көпшілік алдындағы сөз секілді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ол неғұрлым айқын, неғұрлым нақты болса әсер ету күші де соғұрлым күшті болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығының басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білу керек.
7. Пікірталаста ойды анық жеткізудің басты тәсілі – сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай құру үшін керек. Ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады
Дереккөз: Massaget.kz