Таразда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Аталған шара биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Әдеттегідей жұмыстың негізгі бағыттары бойынша үйреншікті есептердің орнына панельдік пікірталастармен өрбіді. Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев, облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры, арнайы шақырылған қонақ Ольга Шиян бар.
Сонымен қатар, шараға облыс әкімдігінің басқарма басшылығы, облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, Тараз қаласы және аудандық мәслихаттарының депутаттық корпусының өкілдері, Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аумақтық органдардың басшылығы, қоғам өкілдері мен блогерлер қатысты.
Облыстық «Jambyl» телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіманап модераторлық еткен жиында департаменттің 2018 жылғы басталған серпінді жобаларға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, азаматтарға бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтарды дербес анықтауға және хабарлауға мүмкіндік беретін «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының Жамбыл облысында да жүзеге асырылатындығы айтылды. Сонымен бірге, «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасы қазақстандықтарға нақты уақыт режимінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға және уәкілетті органға осы саладағы бұзушылықтар туралы мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, облыста жамбылдықтардың 200 арызы қаралып, шешімін тапқан.
Тағы айта кетерлігі, биылғы жыл «Жастар жылы» деп белгіленді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында жас мамандардың үлесі көбеюде. Осы орайда, басқосуда жамбылдық жастардың атынан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Уалихан Болатбек өз ойын ортаға салды.
— Мен бүгінгі осы ерекше кездесуді пайдалана отырып, қоғамда көріп жүрген 3 мәселеге тоқталғым келеді. Ең алдымен, қазіргі таңда жас мемлекеттік қызметшілерге қолайлы мүмкіндіктер берілсе, екіншіден, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өңірде қолға алынған «Білім орталығы» жобасы әр басқармада ашылса, сондай-ақ, келесі ұсынысым мемлекеттік қызметтегі түсіндіру жұмыстары алға қойылса дұрыс болар еді, — деді Ол.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 5 қазандағы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан адал өңірлер» жобалары аясында Астананың жемқорлыққа қарсы тәжірибесін барлық өңірлерде енгізуді тапсырған болатын. Осы орайда, жоғарыда аталған тәжірибені жүзеге асыру мақсатында өңірлік «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Кездесу барысында аймақтағы жобаның жүзеге асу қарқыны туралы облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков кеңінен тоқталды.
— Бүгінде облыста жобаның жарғысына сәйкес, кеңсе құрамы жасақталып (7 адам), оның басшысы болып «Панорама ақпараттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Меклисов тағайындалды. Жобалық кеңсенің қызметіне келетін болсақ, ол үш блок бойынша жұмыс атқаратын болады. Оның бірі, өңірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру болса, екіншісі, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, үшіншісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты, қазіргі таңда 75 тармақтардан құрылған жоспар әзірленіп, бекітілді. Кеңсе жыл бойы осы жоспарға сәйкес жұмыс істейтін болады, — деді Ол.
Жиын соңында департамент басшысы Равиль Төлебаев келген қонақтарға алғысын айтып, алдағы атқарылатын шараларға тоқталып өтті.
— Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге республика бойынша жалпы құны 10 трлн. теңге болатын 267 бизнес-жоба алынған болса, облысымызда жалпы құны 266 млрд. теңгені құрайтын 10 бизнес-жоба сүйемелдеуге алынған. Сонымен бірге, қыркүйек айында мемлекеттік басқару академиясында магистратураның «Адами ресурстарды басқару» атты жаңа бағдарламасы іске қосылмақ. Агенттік төрағасының бастамасымен жуық арада біз пилоттық режимде «кэжуал фрайдэй» тәжірибесіне көштік. Яғни, жұма күні қызметшілеріміз ресми киім үлгісінде емес, еркін стильде киінеді. Тағы бір маңызды мәселені айта кеткен жөн. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс күнін уақытында аяқтап, қалған уақытын өз жанұясы мен жеке дамуына арнауы маңызды. Осы орайда, жұмыс уақытысы бір режимге қойылды, — деді Ол.