Өңірде алғаш рет жас турист фестивалі өтті

0 1

Ағымдағы жылдың 23-25 ақпан аралығында Жамбыл облысы әкімдігі Туризм басқармасының ұйымдастырумен  облыста алғаш рет «Тараз жеріне тағзым» жас турист фестивалі өткізілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Шараның мақсаты — Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына орай, алдымен туризм саласындағы жастардың үлесін арттыру. Жастар туризмін дамыту және оларға еліміз бен өңірдің бұл саладағы әлеуетін таныту әрі ақпараттандыру. Балалар мен жастардың патриоттық сезімін тәрбиелеу. Сонымен қатар, туристік-өлкетану жұмыстарын жандандыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.

Фестивальге 14-18 жас аралығындағы 500-ден аса оқушылар қамтылды. Іс-шараға Жамбыл облысымен қатар көршілес Алматы және Түркістан облыстарының жастары да қатысты. Үш күнге созылған фестивалдің алғашқы күндері арнайы даярланған экскурсиялық тур ұйымдастырылды. Көне Тараз тарихи-мəдени ескерткішінен басталған шарада, қатысушылар шаһардың 2000 жылдық тарихынан сусындап, тың мəліметті санаға сіңірді. Ауданнан арнайы келген озат оқушылар мұнан соң, Тектұрмас, Дəуітбек кесенесі мен Қарахан сынды тарихи-мəдени нысандармен қатар Қазақ хандығына 550 жыл жəне қайта түрленген «Жеңіс» саябағы аумағымен танысты. Айта кетерлігі, оқушыларға əр нысан басында викториналық ойындар ұйымдастырылып, арнайы сыйлықтар да табысталды.

Ал фестивальдің үшінші күні «Достық» үйіндегі ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Басқарма басшысы, тарих мамандары, туристік компания өкілдері, балалар-жасөспірімдер туризміндегі түйіткілдерді қозғап, дамыту жолдарын ортаға салды. Мамандар БАҚ өкілдерінің сауалдарына да тұшымды жауап берді.

Сонымен бірге, қорытынды бөлімде көрші облыстар мен Жамбыл өңірінің оқушылары  арасында сурет, қолөнер жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, «Жас суретші», «Жас ұста» сайыстарының қорытындысы да белгілі болды. Сайыс нәтижесін арнайы тағайындалған қазылар алқасы анықтады. Жеңімпаздар диплом мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.