Биылғы сайлаудың мәнісі ерекше. Бұл туралы бүгін дауыс беру рәсімінен кейін өткен брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін барлық Қазақстан халқы Президент сайлауына қатысып жатыр. Әр уақытта әрбір елде осындай сайлау халық үшін, ел үшін тарихи шешім болып саналады. Ел халқы сайлау учаскелеріне келіп өзінің болашағына таңдау жасайды. Ел аман болуын, еліміз өркендеп өсе беруін, әрбір отбасыда жақсылық болғанын тілейміз», — деді Елбасы.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев биылғы сайлаудың мәнісі ерекше екенін атап өтті. «Өздеріңіз білесіздер, мен өкілеттігімді тоқтатып, келесі буынға жол бердім. Оны дұрыс шешім деп білемін. Атап айтқанда, бұл шешімді бүкіл дүниежүзі қолдап жатыр. Сондықтан бүгінгі сайлау сәтті өтсін, құтты болсын!», — деді Тұңғыш Президент. Айта кетейік, жақында Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін әлем елдерінің басшылары қалай қабылдағанын айтып берген еді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 58 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.