Мойынқұм ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

0 14

Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында қысқа мерзімдік оқу курсын бітірген 95 азаматқа сертификат тапсыру және бос жұмыс орындарын ұсынушы жұмыс берушілер мен жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған азаматтардың жұмысқа орналасуына қол ұшын беру мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бүгінде жастардың жұмысқа орналасуы үлкен мәселе. Себебі, тәжірибенің болмауы, еңбек өтілінің жоқтығы да жұмысқа орналасуға кедергі келтіреді. Алайда қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалып, олардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туып отыр.

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары Мақпал Құлдыбаева, Серік Нәметхан келген жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар атаулы әлеуметтік көмек, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін жастарға және көп балалы, аз қамтылған отбасыларға арналған қайтарымсыз грант туралы және бүгінгі күнге дейінгі келіп түскен бос жұмыс орындарымен таныстырып өтті.

Оған 112 жұмыссыз азамат қатысты, оның ішінде 29 азамат тұрақты жұмысқа, 14 жұмыссыз азамат қоғамдық, 15 жұмыссыз азамат жастар іс-тәжірибесіне жолдама алды. Соның ішінде, қысқа мерзімді оқуды аяқтаған 22 азамат тұрақты жұмысқа жолданды.

Айта ктейік, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 263 мыңнан астам жас бар екен. Ал сол екі жүз мыңнан астам жастың бәрі жұмыспен қамтылған, қоғамнан өз орнын тапқан десек, шындықтың ауылынан алыстайтынымыз анық. Алайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша нәтижелі көрсеткіштер орын алған екен. Ағымдағы жылы жастарды ваканттық бос жұмыс орындарына, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша 12003 жасты жұмыспен қамту белгіленіпті. Сонымен қатар биыл 29 жасқа дейінгі 5223 жас жұмыспен қамтылған.

Оның ішінде 1892 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 1250 түлек жастар практикасына, 221 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Сондай-ақ, 1035 жас қысқа мерзімді, 97 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, 728 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Қазіргі кезеңде 25 мүмкіндігі шектеулі жас тұрақты жұмыспен, 54 мүмкіндігі шектеулі жас уақытша жұмыспен қамтылса, 22 мүмкіндігі шектеулі жас қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданған. Қазіргі кезде қоғамда NEET жастар деген ұғым қалыптасты. Олар еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастар санатында.

Осы санаттағы жастардың көрсеткіші облыста 10,7 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері өңірде 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 266 жұмыс берушіден 953 бос жұмыс орындарына ұсыныс түсіпті. Нәтижесінде 102 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.