Жамбыл облысы Полиция департаментінде «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» атты байқау ұйымдастырылды
Жамбыл облысы Полиция департаментінің полицейлері арасында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойына арналған «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» атты байқау ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс- шараның басты мақсаты Ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту, шығармашылығын, асыл мұраларын насихаттау, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі қағидаларын орындау. Елімізде жарияланған Жастар жылы аясында дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Байқауға ҚАПБ қызметкерлері сыңға түсті.
Қатысушылар көрермендерді Абай атамыздың қара сөздерін жатқа оқып тәнті етсе, ал бірі әндерін шырқап көрермендер көзайымына айналды.
Байқау соңында әділқазы алқасы шешім шығару оңайға түспегенін айтып өтті. Сөз алған Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисі бастығының орынбасары Қадірбек Бекжан басшылық атынан барлық қатысушыларға алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Тартысты өткен байқауда жүлделі 3-ші орынды Шу АПБ учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Төлеубай иеленіп, 2-ші орын ПД Жедел криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Ақбота Махамбетоваға бұйырса, үздік болып — Сарысу АПБ учаскелік полиция инспекторы Руслан Мусаев танылды.