ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды, деп хабарлады primeminister.kz
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шараларын енгізу бойынша ұсынылатын шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой баяндады.
Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге келесі шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады:
Көлік қатынасы бойынша:
1. Елдер тізімін көбейтпей, халықаралық әуе қатынасын сақтау;
2. Өңірлер арасындағы әуе қатынасын, темір жол қатынасын сақтау (шектеулермен);
3. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасын уақытша тоқтату;
4. Қоғамдық көліктің жұмысын уақыт бойынша шектеу.
Азаматтардың жүріп-тұруы бойынша:
1. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салу;
2. Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат ету;
3. Тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуін шектеу;
4. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуын шектеу.
Үкімет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы уақытта қалай өзгеретініне байланысты аталған шектеу шаралары 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екенін атап өтті.
Жаңа шектеу шараларын талқылауға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті Р. Жүрсінов және т. б. қатысты.