Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дәріхана желілерінің өкілдерімен бейнеконференция режимінде кездесіп, онда дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты мәселелер сараланды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Бүгінгі таңда дәріханаларда халық тарапынан жоғары сұранысқа ие дәрілік заттардың белгілі деңгейде тапшылығы байқалуда. Қызуды түсіретін және вирусқа қарсы препараттарды табу қиын. Қазір қаладағы әр дәріхананың алдынан ұзын-сонар кезекті көруге болады. Қабылданған шараларға қарамастан, біз бұл көріністен әлі арыла алмай отырмыз, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бұл жағдайды бүгінгі қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалмен байланыстырады.
«Әмір және Д» ЖШС директоры Қарлығаш Қаймолдаеваның айтуынша, серіктестік базасында бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрмектердің бірнеше түрі өндірілуде. Күніне 1000-1500 флакон шығарылады десек, тұрғындар оларды бір күнде-ақ сатып алуда.
Сондай-ақ, «Ерко» ЖШС-нің де дәрілік заттарды өндіруге лицензиясы бар.
— Дифенгидрамин, анальгин, аскорбин қышқылы, глюкоза және басқа да препараттарды өзіміз жасаймыз. Соңғы бірнеше апта ішінде фармацевтика саласы қызметкерлерінің жүктемесі айтарлықтай өсіп отыр. Адамдар өздерін жақсы сезінсе де, үлейге бой алдырыр, дәріханаға ағылуда, -дейді «Ерко» ЖШС бас менеджері Ирина Иванова мәлімдеді.
Фармацевттердің айтуынша, дәріханалардағы екі айлық дәрі-дәрмектер қорын тұрғындар бір апта ішінде-ақ сатып алуда.
«Дәрі-дәрмектер күн сайын дәріханаларға жеткізілгенімен, олар сөрелерде ұзақ тұрмай, сатылып кетуде», — дейді Қ.Қаймолдаева.
Дәл осындай жағдай «Ерко» ЖШС, «Медсервис» ЖШС дәріханаларында да кездесіп отыр.
— Біз тұтынушыларға аналогтарды ұсынамыз. Мысалы, парацетамолдың орнына «Антигриппин П» таблеткаларын береміз, — деді ол.
Бердібек Сапарбаев жауапты ведомстволарға дәрі-дәрмектер өндірісі мен жеткізілім көлемін арттыру бойынша шешім қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы дәрі-дәрмектердің шекті бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы тапсырма жүктеді.
Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков мобильді топтар бұл орайда қадағалау жүргізіп отырғандығын отырғанын атап өтті.
Кездесуде «Super pharm» ЖШС директоры Қайрат Каймолдаев сөз алып, зауыт медициналық маскаларды дәріханаларға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ететініне сендірді.
— Зауыт толық қуатқа шығады, сондықтан маскалар тапшылығы болмайды. Олардың бағаларын реттеу мәселесі пысықталды. Дәріханалардағы маскалардың орташа құны шамамен 80 теңге. Біз бұл жағдайдан шығудың жолын бірге табуымыз керек. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, оңтайлы шешім қабылдау қажет, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.