Сарысу ауданында жел электр станциясы іске қосылады

0 50

Сарысу ауданы, Түркістан ауылдық округінде орналасқан жел электростанциясы 2021 жылдың наурыз айында іске қосылады. Жаңатас қаласының маңында салынып жатқан станцияның қуаттылығы 100 мегаватт. Ал жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясы өндіріледі, — деп жазады «ZhambylNews» АА. 

Жоба құны — 140 млн АҚШ доллары, немесе 44,8 млрд  теңгені құрайды. Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасының бүгінде бірінші кезеңі аяқталған. Жел электр стансасы жобасының басты құрылтайшыларының бірі – «China Power International Holding Limited» компаниясы. Оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan».

Айта кетейік, бұл Орта Азиядағы ең алып жоба. Құрылғылар толықтай Қытай Халық Республикасынан әкелінуде. Алайда әлемдік пандемия кезінде өзіндік қиындықтар туып, бірқатар мамандарымыздың қашықтан жұмыс істеуіне тура келді. Жасыл энергетика саласы үшін Жамбыл өңірі – өте қолайлы аймақ. Қолданылатын технология экологиялық жағынан таза. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станция торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 20 жел энергетикалық блогы қойылды. Қалғаны келер жылдың наурыз айына дейін бітеді, — дейді Жаңатас жел электр станциясының өңірлік менеджері Наурызбек Жұмағазин.

Құрылыс кезінде 100-ге жуық адам жұмысқа тартылса, қазір серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Қытай азаматтары да бар. Бүгінде алғашқы блоктар электр қуатын өндіре бастады. Ал бұл жерде 150 метр биіктікте жел жыл он екі ай бойы соғып тұрады.Алайда алдын ала болжам бойынша Жаңатас жел электр стансасы Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Яғни бұл оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырады.

Фото: Ақәділ Рысмахан

Айта кету керек, жоба жетекшілері тұрғындарға да қол ұшын созып келеді. Мәселен өткен жылы шетелдік компания орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігін тарту еткен. Ал биыл елді мекендегі көмекке мұқтаж 4 отбасының баспанасын күрделі жөндеуден өткізіп берген. Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі 5 азаматтың да пәтерін қысқа дайындап, жаңартып беруді компания жауапкершілігіне алған. Сонымен қатар әлемдік пандемия кезінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, халықтың алғысына бөленіп отыр. Бұл аз десеңіз компания Ата Заңымыздың 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласының орталығындағы «Ынтымақ» аллеясын ұлғайтып, бұл бағыттағы жұмысқа 19 миллион теңге жұмсаған.

Міне, өлкенің өндірісін өрістетіп қана қоймай ауданның ажарын ашуға аянбай тер төгіп жатқан «China Power International Holding Limited» компаниясына бұқара дән риза. Енді келер жылы жел электр стансасы жобасының екінші кезеңі аяқталса, Сарысу ауданы жарық өндірісі саласындағы алпауыттардың біріне айналмақ. Себебі мамандардың айтуынша Қордай ауданында салынып жатқан жел электр стансасының қуаттылығы Сарысудағы жобадан екі есе аз екен. Сондықтан Сарысудағы жобаның келешегі кемел, болашағы баянды болатындығына бек сенімдіміз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.