Биыл Сарысу ауданын көгілдір отынмен қамту үшін, газ құбырлары тартылуда. Жүзеге асырылып жатқан қос жобаның сметалық құны 2 миллиард 299 миллион теңге. Біріншісі Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық кешеніне дейінгі жоғары қысымды газ құбырының құрылысы болса, екіншісі ауданның 14 елді мекеніне көгілдір отын тарту жобасы-, деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Былтырдан бастап Түркістан облысына қарасты Шаян ауылынан газ құбырын тарту қолға алынды. Жаңатас қаласына дейінгі газ құбыры 90 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Строй Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазір тау бөктерлерімен арнайы құбыр тартылуда.
Негізі Сарысу ауданына екі бағытпен газ құбыры жүргізілуде. Біріншісі Саудакент-Жаңатас орта жолымен бастау алса, екіншісі Шаяннан тартылуда. Саудакенттік бағыт 14 елді мекенді газдандырады деп күтілсе, Жаңатас қаласына газ 2022 жылы кіреді.
— Қазірде Сарысуда газ тарту жұмыстары басталып кетті. «Шаян-Еврохим-Жаңатас» газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 7,7 млрд. теңге болса, ұзындығы 98,3 км. құрайды. Оның ішінде 76,2 шақырымы Түркістан облысы аймағында болса, қалған 22,1 шақырымы Жамбыл облысында салынады. Ал, бізде 14 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жобасының құны 7,7 млрд. теңгені құрайды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 362 шақырым. Қазірде 14 шақырымнан аса құбыр салынды. Алдағы уақытта бірінші болып Жаңатас қаласына кіретін болады, — дейді Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бейсенгелді Бейсебеков.
Жалпы Сарысу ауданында 25 елді мекен бар. Оның ішінде 4 елді мекен газдандырылған. 2023 жылы газ құбырлары тартылып бітсе, оған 14 елді мекен қосылып, ауданның 75 пайызы газбен қамтылатын болады.