Бүгін Тараз қаласындағы «Грант» базарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырылған жәрмеңкеге таластық шаруалар 200 келі сиыр, 200 келі жылқы, 200 келі қой етімен қатар, жұмыртқа және сүт өнімдерін жеткізді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде үшаралдық «Талас-2020» ауыл шаруашылық кооперативі жылыжайда өсірілген 500 келі қияр өнімдерін сауда сөрелеріне қойды.
Табиғи таза өнімдерге қала жұртшылығының сұранысы жоғары болды. Бұл туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай:
— Әкелінген өнімдер нарықтағыдан 15-20 пайызға арзан сатылды. Мәселен, қияр 350 теңгеден ұсынылды. Бұл жолы тараздықтарға Аққұм, Ақкөл, Қаратау, Кеңес, Үшарал ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының өнімдері саудаланды. Тауарларымыздың дені түске дейін өтіп кетті. Мұның алдында 1-мамыр мерекесінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге де қатысқан едік. Ойдағыдай өтті. Алдағы уақытта да табиғи таза және бағасы тиімді өнімдерімізбен қала тұрғындарының көңілінен шығатын боламыз, — деп жауап берді.