Жамбыл облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен педагог мәртебесін арттыру мақсатында 19-20 мамыр күндері «Үздік педагог» конкурсының облыстық кезеңі өтті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Байқаудың бірінші кезеңіне облыс бойынша 183 педагог қатысып, оның 13-і облыстық кезеңге өткен.
Конкурс барысында комиссия мүшелері педагогтардың кәсіби құзыреттілігі мен республикадағы, халықаралық деңгейдегі, облыстағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі, оқушылардың жетістіктерінің оң серпінінде көрсетілген педагогикалық қызметтің нәтижелілігі, педагогтің кәсіби шеберлігін және жеке тұлғасын бағалауы, отандық білім берудің заманауи тенденцияларын айқындайтын шығармашылық жұмыстары, ақпарат көздерінің түрлі нысандарын пайдалануды ұйымдастыру қабілеттері, педагогтардың оқушылармен қарым-қатынас деңгейі, білім беру үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану деңгейлері, сабақ беру үрдісінде оқушылардың ынтасы мен белсенділік іс-әрекетін жоғары деңгейде ұйымдастыра білу қабілеттерін бағалады.
Нәтижесінде 6 педагог жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, бас жүлдені облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатының география пәнінің мұғалімі Нұрлан Суанбеков жеңіп алды. І орынды – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Сәулет Тамабекова, ІІ орынды – Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі Сандуғаш Нұртаева және Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның химия пәнінің мұғалімі Мөлдір Рахметқұлқызы, ІІІ орынды – Жуалы ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Самал Қадырова, Меркі ауданындағы А.Қосанұлы атындағы №18 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Ұлбала Ермекбаева иеленді. Ал Шу ауданындағы Жамбыл атындағы гимназияның математика пәнінің мұғалімі Артур Тілекеев «Ізденімпаз ұстаз» номинациясымен марапатталды.