Қазақстан Парламентіне депутаттар сайлау Ұлыбританияда бірер сағат бұрын ғана басталды. Өйткені Лондон Астана уақытынан 6 сағат артта, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сайлаушылардың қатарында тек Лондон қазақтары ғана емес, Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз да бар. Дауыс берушілер арасында туристер де көп. Біріккен Корольдікте саяхаттап жүрген отандастарымыз азаматтық борышына жауапкершілікпен қарап, елшілікке ат басын бұруда. Бұл ретте сайлау учаскесі комиссиясының төрағасымен және сайлаушылардың бірімен әңгімелескен едік.
«Бүгін Лондон уақыты бойынша таңғы сағат 7-ден Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы №244 сайлау учаскесi біздің бүкіл азаматарымызға ашық. Демалыс күніне қарамастан, таңертеңнен бастап, біздің отандастарымыз сайлауға белсенді қатысып жатыр. Олардың көпшілігі студенттер мен жұмысшылар, спортшылар, сондай-ақ Ұлыбританияға іс-сапармен келген азаматтар. Бюллетеньдер санаудан өткеннен кейін сайлау нәтижелері Лондоннан Астанаға жіберiлетiн болады», дейді №244 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Мираз Аңдабаев.
«Мен Болашақ бағдарламасы бойынша Queen Mary университетінде магистратурада білім алудамын. Бүгін Лондон төрінде өтіп жатқан сайлауға өзімнің саяси көзқарасымды білдіру үшін арнайы келдім. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы, әсіресе жастар үшін саяси белсенділік таныту өте маңызды. Халқымызды толғандыратын мәселелерді ескеріп, мүддесін қорғайтын адамдар сайланатынына сенімдімін. Жалпы саяси науқан жоғары деңгейде өтіп жатыр», дейді QUEEN MARY университетінің магистранты Елнар Сәкенова.
Парламент депутаттарын сайлауға 400-ден астам дауыс беруші келеді деген болжам бар. Шетелдік учаскелердегі сайлаушылар тек партиялық тізім бойынша ғана дауыс береді. Отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елшілік жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылдың бір ерекшелігі сайлау Наурыз мерекесі қарсаңында өтуде. Сондықтан келушілерге елшілік тарапынан ұлттық тағамдар ұсынылып жатыр. Астана мен Лондон арасындағы 6 сағаттық уақыт айырмашылығына байланысты Тұманды Альбиондағы сайлау Қазақстанға қарағанда кешірек басталып, кешірек аяқталады. Саяси науқанның мәре сызығына жетуіне әлі 11 сағатқа жуық уақыт бар.