Олимпиада қарсаңында Парижді қандала қаптады

0 20

Париж бен Францияның басқа да қалаларында қандаланың көбеюі инсектофобияны өршітіп, алдағы жылы Олимпиада ойындары өтетін Франция астанасының тазалығы мен гигиенасына күмән тудырды. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кейінгі апталарда қандаланы көргендер көбейгенімен, жалпы бұл үрдіс бірнеше жылдан бері байқалып келе жатыр.

«Әр жылы жаз соңында біз қандала көбейгенін байқаймыз. Оған шілде мен тамыз айларында адамдар жиі сапарлап, жүгімен бірге тасымалдайтыны себеп. Осылайша, әр жылы маусымдық көрсеткіш былтырғыға қарағанда арта береді», — дейді Марсель орталық ауруханасының энтомологі және les punaises (бұл жаратылысты француз тілінде осылай атайды) бойынша жетекші маман Жан-Мишель Беранже.

Парижде өз пәтеріңде қандала пайда болу қорқынышына (ресми дерек бойынша, кейінгі бес жылда әр оныншы тұрғын осындай жағдайға тап болған) тағы басқа уайым қосылды.

Қандаланы кинотеатрлардан кездестіргені, пойызда әлдебіреулерді шаққаны туралы тұрғындардың әңгімесі расталмағанымен, билік өкілдері бұл мәселеге баса назар аудара бастады.

Париж мэриясы мен президент кеңсесі жедел шаралар қабылдауға шақырды. Бұл — билік өкілдерінің мәселеге мұқият қарағаны мен Олимпиада ойындары қарсаңында Париждің жақсы иммиджін сақтап қалуға тырысатынын көрсетті.

Онсыз да көрермен қызығушылығы төмендегеніне алаңдап отырған кинотеатр иелері әлеуметтік желілерде тараған видеодан қорқып отыр.

Онда кино көретін орындықтарда түсініксіз жәндіктер жүргені көрініп тұр.

Метро жолаушылары отырмас бұрын орнын мұқият тексеріп алады, ал кейбірі тіпті тұрып тұрғанды құп көреді.

«Биыл жаңа элемент — жалпыға ортақ психоз басталды. Бір жағынан дұрыс та шығар. Себебі адамдар бұл мәселе туралы білді, енді қандалаға қарсы шаралар мүмкіндігінше тезірек қабылданса жақсы болар еді. Бірақ мәселенің өзі тым әсіреленген», — деп атап өтті Беранже.

Leave A Reply

Your email address will not be published.