Қазақ баласы туралы фильм Алтайда күн сайын көрсетіліп жатыр – шетелдегі қазақ баспасөзі

0 30

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өр Алтайдағы халықаралық қар шаңғы алаңы ашылу алдында тұр – Ukilialtay

Қазан айынан бері толассыз жауған қармен Шіңгіл ауданындағы «Шіңгіл Лаңшан» халықаралық шаңғы базасында жауған қардың қалыңдығы 25-30 сантиметрге жетіп, шаңғы тебу маусымы басталғалы тұр. Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Ukilialtay» сайты хабарлады.

Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, Шіңгіл ауданы солтүстік ендіктің 45-47 градусы аралығындағы әлемнің алтын шаңғы белдеуінде, «Қытайдың қарлы астанасы» деп аталған Алтай аймағының солтүстік шығысында, өр Алтайда орналасқан.

Шіңгіл Лаңшан халықаралық тау шаңғысы курорты 4А деңгейімен туристік жақтан тартымдылығы жоғары.

«Аталған демалыс орны Шіңгіл қаласынан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан және туристерге қызмет көрсетудің толық мүмкіндіктері бар. Бұл қар шаңғы алаңы биыл 9 шаңғы жолын салып (6 жоғары дәрежелі жол, 2 орта дәрежелі жол, бір бастауыш дәрежелі жол), шаңғы жолының ең үлкен көлбеулік парқы бүкіл ел бойынша 9-орынға жетті. Қолданылатын қар жамылғысы республикада 3-орында. Сол арқылы ол халықаралық тау шаңғысы курорты ретінде бағаланады», — деп жазады қытайлық БАҚ.

Самарқанда Түркі мемлекеттерінің ақсақалдары бас қосты – «ӨзА»

Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің он төртінші отырысы басталды. Жиынға Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан ақсақалдарымен бірге Венгрия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасының өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жиынға Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым төрағалық етіп жатыр.

Конференцияда Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубаничбек Омуралиев сөз сөйлеген.

Көптің көңілінен шыға білген Гүлмерей – Janadauir.com

Аймақ орталығында көптеген сұлулық салондары қызмет көрсетеді. Кейбіреуі 5-6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әр күн сайын осы орталықтарының жұмысы қауырт жүріп жатады. Әсіресе мереке күндері сұлулық салондарында ине шаншар орын болмайды. Редакциямыздың «Кәсібім-несібем» айдарының келесі қонағы шаштараз Гүлмерей Сансызбайқызы, деп жазады моңғолиялық Janadauir.com сайты.

Аталған басылым мәліметінше, көптің көңілінен шыға білгендіктен клиенттері оны «Күма» деп атайды. Енді назарларыңызға Күмәдан алған сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынбақпыз, деп кәсіпкерден шағын сұхбат алған.

Гүлмерей есімді кәсіпкер қазір Өлгий сұмынында енесі, жолдасы және үш баласымен бірге тұрады. Аталған кәсіппен айналысқанына 15 жыл болыпты. 7 жыл Қазақстанда, 8 жыл қазіргі тұрған орнында жұмыс істеп келеді екен.

Гүлмерей Сансызбайқызы тілшінің қойған тағы бірнеше сұрақтарына жауап берген.

Көптің көңілінен шыға білген – шаштараз Күмә
Фото: janadauir.com/

 

Түркі Мемлекеттері Ұйымы БАҚ өкілдері бас қосты  «TRT»

Қырғызстанда Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) БАҚ және ақпарат саласындағы ынтымақтастық жұмыс тобының 10-шы отырысы өтті.

Ел астанасы Бішкекте Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты вице-министрі Чыңғыз Есенгұлұлының төрағалығымен өткен жиынға Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ басшылары қатысты. Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, кездесуге Түркиядан Президенттік аппарат жанындағы Коммуникация басқармасының Қоғамдық дипломатия департаментінің басшысы Огуз Гүнер, Анадолы агенттігінің (AA) стратегиялық коммуникациялар және сыртқы байланыстар менеджері Хазал Дуран, TRT Avaz халықаралық байланыстар және корпоративтік коммуникациялар қызметкері Гөкчен Оған қатысқан.

БАҚ және ақпарат саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысы аясында «ChatGPT жасанды интеллект қосымшасы мысалында жасанды интеллекттің артықшылықтары мен кемшіліктері» және «Гибридтік соғыстар XXI ғасырдағы қауіпсіздік қатері» атты екі сессия өткен.

ТМҰ елдері БАҚ өкілдері бас қосты
Фото: из открытых источников

 

Қазақстан мен БАӘ 37 млн долларлық келісімшартқа қол қойды – «Parstoday»

Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі бастаған қазақстандық өндірушілер делегациясы Дубайға сапар барысында жалпы құны 37 млн доллар тұратын экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Бұл туралы осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Ирандық ақпарат агенттігі Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтің пікірі бойынша хабарлаған.

Қайрат Төребаевтің айтуынша, Қазақстан компаниялары 90-ға жуық тауар түрі, соның ішінде металлургия, химия, тамақ өнеркәсіптері өнімдері, тасымал, құрылыс материалдары мен фармацевтикалық өнімдерді ұсынуға дайын.

Сонымен қатар вице-министр БАӘ нарығы Қазақстан тауарлары үшін басты экспорттық бағыттардың қатарында екенін айтты. 2022 жылы БАӘ-ге экспортталған қазақстандық өнімдер құны 3,560 млн долларға жеткенін тілген тиек еткен.


Қазақ баласы туралы фильм Алтайда күн құрғатпай қойылып жатыр – «Үкілі Алтай»

Жақыннан бері Шыңжаң өлкелік «Тянь-Шань» киностудиясы түсірген «Шабандоз» атты фильм Алтайда күн сайын қойылып жатыр, деп хабарлайды Қытайдың «Ukilialtay» ақпараттық порталы.

«Шабандоз» алтайлық көрермендер арасында сұранысқа ие. Сол көрермендердің бірі Шуй Шияухун осы фильмді көріп ерекше әсер алғанын айтады.

«Кинодағы әртістердің дені кәсіби әртіс болмағанымен, олардың шынайы да қарапайым актерлік өнері фильмнің көркемдігін арттырған деуге болады. Бала кейіпкер Аңсардың бойындағы өр рухтан ерекше әсер алдым. Аңсар басынан өткен қиыншылықтарды еңсеріп, соңында өз арманына жетті. Осы арқылы бұл фильм бізге өмір жолында арманға жету үшін үлкен күш-жігер керек екенін түсіндіреді», — дейді ол.

Қазақ баласы туралы «Тянь-Шань» киностудиясы түсірген бұл балалар тақырыбындағы фильм ресми түрде биыл 9 тамызда прокатқа шыққан болатын.

Айта кетейік, «Шабандоз» фильмінде қазақтың жас баласы Аңсар өз арманын жүзеге асыру үшін атқа мінуі баяндалады. Сондай-ақ фильмде Алтайдың әсем табиғаты да көрсетілген.

Сонымен қатар бұл фильмде қазақтың атқа міну мәдениеті мен түрлі этностардың бір-біріне көмектесуі өзек етілген.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, режиссер осы кинода көркем дала табиғатының көріністерін алу арқылы бір жылдың төрт маусымында түрленіп тұратын Алтай аймағының таңғажайып көркем көріністерін көрсеткен. Фильмде кішкентай Аңсардың өміріндегі қиындықтары мен арман-мұраты баяндалған. Сол арқылы Аңсардың ат бәйгесінде бас жүлдені алып, өзінің аға-бауырларымен қалай тату-тәтті өмір сүріп, әке-шешесінің сүйіспеншілігін түсінеді. Бас кейіпкердің жақсы достар арасындағы уәдеден айнымауы, көптің көмегінде мейірге бөленіп, есейіп, ер жетуі баяндалады.

«Бұл фильмге көптеген әуесқой әртістер қатысқан. Әсіресе, кішкентай әртістердің бірнешеуі Алтай, Іле аймағындағы қарапайым оқушылар. Олардың кіршіксіз көңілімен сомдаған ойыны киноға ерекше бояу берді», — дейді киноның режиссерлері Дун Шинуын мен Шапағат Мұрат.

Аталған фильм Қытайдың бірнеше мемлекеттік кинофестивалінде жүлделі орындардан көрініп, ел ішінде жасалған үздік кинолардың қатарына енген.

«Шабандоз» фильмі 36-шы Қытай кинофестивалінде «Алтын әтеш» сыйлығы бойынша ең таңдаулы балалар фильмі,  «Ең таңдаулы музыка сыйлығы» сияқты екі бірдей марапатқа кандидат ретінде көрсетілген. Осының алдында 30 қыркүйек күні Германияда өткен халықаралық жастар кинофестивалінде «Шабандоз» фильмі БҰҰ-ның оқу-ағарту, ғылым, мәдениет ұйымы халықаралық балалар киносы орталығы таратқан ең таңдаулы фильм сыйлығына ие болған.

а
Фото: mp.weixin.qq.com

 

Түркі елдерінің адам ресурстарын дамытуға жауапты ведомство басшыларының жиыны өтеді – «ӨзА»

2023 жылдың 23-24 қазанында Самарқанд қаласында алғаш рет Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің адам ресурстарын дамытуға жауапты ведомство басшыларының екінші отырысы өтеді.

Бұл туралы бүгін өзбекстанның «ӨзА» ақпараттық порталы хабарлады.

Аталған басылымның мәліметінше, бұл іс-шара дарынды тұлғаларды мемлекеттік қызметке тарту және басқарушы кадрлардың резервін қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасу үшін коммуникациялық алаң болады.

Оған Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядан 30-ға жуық қатысушы келеді деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.