Өзбекстанның Наманған қаласында 60 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі гүлдер фестивалі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Наманған – Өзбекстандағы ең көрікті әрі әсем қалалардың бірі. Мұнда биік бизнес орталықтар мен зәулім ғимараттар болмаса да, шаһар жайқалған гүлзар бақпен көмкерілген. Бұл қала жылына бір рет гүлдер фестивалін өткізіп, жер-жерден жиналған турист пен тұрғындарды көрікті дәстүрімен баурайды.
Гүлдер фестивалінің дәстүрге айналғаны соншалық, ол жалпыхалықтық мереке ретінде тойланады. Биыл да елдің түкпір-түкпірінен жиналған жұрт қарасы қалың болды.
Гүлзар бақтағы әр мемлекетке арналған композиция ерекше орындалған. Оның ішінде Қазақстанға бөлінген аумақ та бар. Айналасы жасыл желекке оранған Бәйтерек монументінің макеті алыстан менмұндалайды.
«Бұл гүлдерді егуге 1 ай бұрын дайындалдық. Әр өсімдіктің өз күтімі бар. Жерді дайындауға да біраз уақыт кетеді. Шамамен бас-аяғы 2 айда осындай бақты, ерекше композицияларды жасап шығардық. Әрбірінің сызбасы алдын ала тексерістен өткен», — деді гүлдер фестивалін ұйымдастырушы мекеменің өкілі Атхамжон Мирзаев.
Бағбандар биылғы фестиваль үшін арнайы 30 млн түп көшет еккен. Одан бөлек, жасыл бақта 60 жылдан астам уақыт бойы жайқалып өсіп тұрған өсімдік түрлері көп. Тағы бір ерекшелік – дәстүрлі іс-шараны өткізуге жергілікті қатал климат еш әсер етпейді. Қала қоныс тепкен жердің топырағы сор болғанымен, орталығы гүлзар бағымен әйгілі.
«Біз фестивальге республикалық жастар ұйымының атынан келіп, қатысып отырмыз. Бүгінгі іс-шараны тамашалап, керемет көңіл-күйде жүрміз. Өзбекстан ғана емес, Еуропа және Азия мемлекеттерінен келген саяхатшылармен таныстым», — деп бөлісті қала тұрғыны Миштария Абдуманова.