Шекараны өзгерту туралы тиісті заңнамалық құжаттар Үкіметтің қарауына жолданған. Мұндай қажеттілік тұрғындардың ұзақ жылдан бергі өтініштерінен кейін туындаған. Қазір жергілікті жұрт құжаттарын рәсімдеу, мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін 150 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр. Ал халықтың жүріп-тұруына Алматы облысынан гөрі 70 шақырым жердегі Жамбылдың Қордай ауданы ыңғайлы. Бұл мәселе қос облыстың әкімдіктері мен мәслихат және Мәжіліс депутаттарымен қаралып, қолдау тапқан.
Үкімет қаулысы шықса, көрші аймақтың 5 мыңға жуық халқы бар Гвардейск елді мекені мен бірнеше шаруа қожалығы, әлеуметтік нысандар Жамбыл облысының құрамына өтетін болады.
Бейбітбек Жайлыбаев, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Осыған сәйкес қаулы қабылданып, 1091 гектар жер Жамбыл облысының аумағына қосылады деп отырмыз. Осыған байланысты барлық құжаттамалар топтастырылып, облыс әкімінің қаулысы қабылданып, құжаттамалардың бәрі ҚР Үкіметіне жолданды. Үкіметтің қаулысын күтіп отырмыз. Басқа Ауыл шаруашылығы министрлігі, тиісті министрліктермен біршама келісімдер жүргізіліп, аяқталды.
Дереккөз: 24.kz