Ертең, 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Орталық Азия – Үндістан» атты саммитке қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Жиынға Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди бастамашы болды. Іс-шара онлайн форматта өтеді.
Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің перспективаларын талқылайды.
Жиын қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» атты бірінші саммиттің Декларациясы қабылданатыны күтілуде», деп атап өткен Берік Уәли.