Тоқаев: Президент болып екі мерзімнен артық отырмаймын, Конституцияны қолдан өзгерту болмайды

0 17

«Хабар-24» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция бойынша екі мерзім ғана Мемлекет басшысы бола алатынын еске салды, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткенді сынамай-ақ қояйық. Түптеп келгенде, бұл — біздің тарихымыз. Менің Президент ретіндегі миссиям бүкіл қоғам мен бүкіл саяси жүйені, трансформациялауда, ең ақырында экономикада жағымды нәтижелерге қол жеткізу деп есептеймін.

Қазақстан халқына бірінші рет Жолдаумен шыққан кезде саясат пен экономика бірге жүретінін айтқанмын. Біздің тарихи жағдайда «Әуелі экономикамен айналысайық, саясат күте тұрады» деуге болмайды. Экономиканың жандануында саясат та үлкен рөл атқаратын болып шықты», — деген Президент Маркстің ілімінде де экономика негізгі базис болғанымен, оған саяси бағыт серпін беретіні туралы айтылғанын еске салды.

«Қоғамның саяси трансформациясымен де, экономиканы жандандырумен де бір мезетте айналысу керек. Бұл – менің миссиям. Қалай дегенмен де, мен Қазақстан Президенті ретінде қаншалықты ұзақ болатынымды білмеймін. Бірақ Конституция бойынша, екі мерзімнен артық отырмайтынымды нақты білемін. Яғни, ешқандай заңды, әсіресе Конституцияны қолдан өзгерту болмайды», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.