«Анасы оларды жалғыз қалдырып кеткен»: Есікте 4 жастағы қыз зорланған отбасы туралы көршілері айтып берді
Алматы облысында төрт жасар қыздың зорлануына қатысты жаңа деректер пайда болды. Көршілерінің сөзінше, отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Туыстары жиі келіп, ішімдік ішетіндерін де жоққа шығармады. Полицейлер баланы зорлады деген күдікпен 43 жастағы ер адамды қамауға алған. Зардап шеккен бала ауруханада, дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА КТК арнасына сілтеме жасап.
Жаға ұстатарлық жағдай Алматы облысындағы Есік қаласында болған. Бала зорланған үйді көршілері айналып өтуге тырысады. Ал өз балаларын қараусыз қалдыруға қорқып қалғандарын айтады.
Полицияның мәліметінше, баланы ішімдікке сылқия тойып алған туысы зорлаған. Жергілікті тұрғындар күдіктінің арам ойын тал түсте іске асырғанын жеткізді. Айтуларынша, бұл кезде анасы дүкенге шығып кеткен, ал әкесі үйдің ауласында жүрген.
Олар әкесі қызының дауысын естімеген шығар деп топшылайды. Көршілері шағын баспанадан адам қарасы үзілмейді деп ашулы. Мұнда келушілер ішімдік ішіп, айналаға тыныштық бермейді екен.
«Полицейлер өте көп болды. Кешке дейін кетпеді. Жедел жәрдем де болған деседі. Бірінші рет болып тұр мұндай жағдай. Естуімше, анасы оларды жалғыз қалдырып кеткен, қақпаны да жаппаған. Өзі жас болатын, 32 жаста шығар. Күйеуі де жас, көлігі бар. Балалары көшеге көп шықпайды», — дейді жергілікті тұрғын Ольга Семенцова.
Ауыр халде ауруханаға жеткізілген қыздың беті бері қарапты. Дәрігерлер бүлдіршіннің денесінде көгерген іздер болғанын жасырмайды. Сондықтан ақ халаттылар қатты шошыған бала мен оның анасы ұдайы психологтың бақылауында болатынын айтады.
«Ота жасалмады. Гинеколог пен хирург көріп, тиісті медициналық көмек көрсетті. Денесінде көгерген жерлері болды. Қазір қыздың жағдайы тұрақты. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Бөлімшеде анасымен бірге жатыр. Біздің психологтар да жұмысын атқарып жатыр. Қыз шок алған. Одан айығуға ұзақ уақыт керек», — деді Еңбекшіқазақ орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Сиезбаева.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, «Қыз зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
«Аса ауыр қылмыс жасаған азамат Қызылорда облысының тумасы. Алдын ала мәлімет бойынша ол бірнеше күн бұрын қонаққа келіп, мас күйде болған. Қазір қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша тергеу жүргізілуде», — деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Әбілтай Әбенов.
43 жастағы күдіктінің бұрын-соңды істі болғаны мен психикалық диспансерде есепте тұрғаны туралы әзірге ақпарат жоқ. Жалпы Алматы облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған 10 жасөспірім педофилдің құрбаны болыпты. Полиция қызметкерлері ата-аналарға кішкентай баласын қараусыз қалдырмауды сұрайды.