Елордада бүлдіршінді ажалдан құтқаруға қатысқан екінші азамат баспаналы болды

0 16

Кеше елордада 8-қабаттағы терезеден салбырап тұрған баланы құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиевке 2 бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді, деп хабарлайды  «ZhambylNews» АА.

«Пәтердің сертификатын алдым. Үй әлі бітпеген. Сол үшін бүгін сертификат тапсырды. Пәтерді Алла қаласа аламыз», — деп қуанышымен бөлісті Сағи Жылқышиев. GBG құрылыс компаниясының комфорт+ санаттағы тұрғын үйінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Тұрғын үй құрылысына мемлекеттің кепілдігі бар.

Айта кетейік, кеше таңертең елордада уақытша тұрып жатқан Қызылорда тұрғыны 8-қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалды. Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды. ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаса, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жеке қабылдап, оның Локомотив зауытына жұмысқа орналастырылатынын айтты.

Ал «G-парк» құрылыс компаниясы оған үш бөлмелі пәтер сыйға тартты.

Кейіннен Сәбитке кішкентай қызды құтқаруға Сағи есімді жігіттің көмек көрсеткені белгілі болып, әлеуметтік желі қолданушылары оған да пәтер беру керектігін жазған еді. Көптің қалауы орындалып, енді бүгін Сағи да баспана кілтін алып отыр.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.