Шымкентте перзентхана маңындағы дәріхана ғимаратында жарылыс болды. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметі мен полиция жұмыс істеп жатыр. Мәліметтерге сәйкес, облыстық перзентханаға жақын орналасқан нысан дәріхана болған. Перзентзанада бұл кезде 189 пациент пен 65 қызметкер болған. Олар дереу эвакуацияланып, жедел жәрдем көлігімен қауіпсіз орынға жеткізілді. Жарылыс нысанының жалпы аумағы 360 шаршы метрді құраған. Болжам бойынша мұнда физикалық қоспа өндірілген. Алайда, жарылыстың неден шыққаны әзірге белгісіз. Төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендер бар. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Жарылыстан күзетші болып жұмыс істеген бір азамат пен туылғанына небәрі 18 күн болған шақалақ қайтыс болды. Сәби үшемнің бірі. Бұдан бөлек 8 адам түрлі жарақат алып, олар ауруханаға жеткізілді.
Жойқын жарылыстан нысан жанындағы бес қабатты тұрғын үй мен 7 көлікке де зақым келген. Қазір оқиға орнын полиция қызметкерлері қоршауға алған. Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері мен 9 арнайы техникасы жұмыс істеуде.