Жарылыстан аман қалған екі өрт сөндіруші сотталуы мүмкін

0 17

Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған жарылыс кезінде аман қалған 2 өрт сөндіруші он жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасында айтылды.17 адамның өмірін қиған жарылыста өрт сөндірудің алдыңғы шебінде болған оларға сол кезде жоғары дәрежелі марапаттар да берілген еді. Енді «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр.

Істі әскери прокуратура жүргізіп жатыр. Жарылыс кезінде «қызметіне адалдық танытпады» деп айып тағылғандардың бірі — Асыл Мұхаметжанов. Ол Байзақ ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарған. Апат орнын алған әскер қоймаға алғашқылардың бірі болып барыпты. Сол үшін өрт сөндіруші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді. Сол кездегі алған жарақатынан жұмысқа жарамсыз болып қалған. Қазіргі уақытта да ауруханада ем алуда. Енді, кінәлі деп күдікке алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр екен. Құтқарушы өзіне тағылған айыпты негізсіз деп есептейді. Сондықтан, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәселеге назар аударуды сұрап, үндеу жолдаған. Құтқарушының әкесі баласының тірі қалғаны үшін кінәлі болғанына наразы.
«Жарылыс болған жерде 4 адам басшылық жасаған. Екі азамат қайтыс болып кетті, екеуі тірі қалды. Ал енді сол екі тірі қалған азаматтар қазір жауапқа тартылып жатыр. Сонда тірі қалғаны үшін кінәлі ме? Неге?-деді Жомарт Мұхаметжанов.

Осындай айыптау тағы бір құтқарушыға тағылып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов та күдікті ретінде жауап беруде. Құқық қорғау органдары екі азаматқа нақты қандай кінә артылғанын ашып айтпай отыр.
«ҚР Республикасы ҚК 371-ші бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазір ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасы тергеу жүргізуде. Әлі аяқталған жоқ» — дейді облыстық прокуратураның өкілі Дархан Сатыбалдиев.

Алғашында батыр атанып, кейін үстілерінен қылмыстық іс қозғалған құтқарушылардың туыстары енді әскери тергеу басқармасынан жауап күтіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.