Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өңір «қызыл» аймаққа кірген жағдайда білім беру саласында енгізілетін шектеулер жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден – бұл санитариялық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіре берісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады», — деді Айжан Есмағамбетов 24kz телеарнасы берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен, «қызыл» аймаққа түскен өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.
«Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым енгізіледі. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл оларды мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіре беріс ұйымдастырған едік», — деді бас санитар дәрігер.