Әліпби, тіл оқыту ісінде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы ескерілмей жатқаны сөз болса, алаш ардақтысын екі сыныптық қана білімі бар әуесқой зерттеушіге балайтын әңгімелер айтылып жатады. Байтұрсын әулетімен бірге Алматыдағы Ахмет музей-үйінің құрылуына жылдар бойы атсалысқан, қазір соған жетекшілік етіп отырған ахметтанушы Райхан Имаханбет осындай алыпқашпа әңгімелерге жауап берді.
«Ахметтің жоғары білім жоқ дейтін «данышпандар» пайда болыпты. Ахмет Байтұрсынұлының жоғары білімі бар. Жоғары білімі жоқ болса, ол қазіргі Абай университетінде сабақ бермес еді ғой. Шын мәнінде ол – аталмыш университеттің тұңғыш профессорларының бірі. Сол жерде бір кафедра бөлімін басқарған. Оның құжаттары музейде сақтаулы. Ол кісі оқыған Орынбордағы мұғалімдер мектебі біздің бүгінгі жоғары оқу орындарымен пара-пар. Бес жыл сонда білім алған», — дейді Райхан Имаханбет.
Ғалым Ахмет екі сыныптық қана білім алған деген әңгіменің қайдан шыққанын да түсіндірді.
«Орынборға дейін алты жыл оқыған мектебі қазіргі колледж, училищелердің деңгейінде сабақ берген. Өзі де училище деп аталған. Екі сыныптық деп жүргендері екі басқышты білім еді. Үш жыл бастауыш, үш жыл орта білім алған. Сонда Орынборға дейін алты жыл оқыған. Оған үңілместен, Ахмет мына жақта екі жыл, Орынборда бес жыл ғана оқыған деп қиыстырып жүргендер бар. Олай емес, Ахмет 9 жыл білім алған. Ал оның алдында ауыл мектебінен тілін сындырып келген», — дейді ахметтанушы.
Айта кетейік, 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толды.