Қоғамдық орында балағат сөз айтқаны үшін айыппұл: ІІМ азаматтардың қандай жағдайда әкімшілік жауапқа тартылатынын түсіндірді
Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға айыппұл салу жайлы ақпаратқа наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, заң жобасында құқық бұзушыларға қатысты мәлімет толық жазылмаған. Сәйкесінше түсініксіз тұстары да көп. Тілшіміздің сауалынан кейін ІІМ азаматтардың әкімшілік жауапқа қандай жағдайда тартылатынын түсіндірді.
Журналист Гүлбану Әбенова Facebook-парақшасында жазба жариялап, заң жобасына қатысты бірнеше сауал қойды.
«Әрине, мен қоғамдық орында балағат сөз айтуға қарсымын. Бірақ 69 мың теңге дегенді кім шығарды? Бұл сома не нәрсеге негізделген? Неге 39 немесе 99 емес? Біз мәдениетті қоғамға айнала аламыз ба? Ал жұмыс орнындағы сөзінің 90%-ы боқтықтан тұратын басшы әр сөзі үшін 69 мың теңге төлей ме әлде сағатына 69 мың теңге төлей ме? Алдын ала айыппұл төлеп, кейін емін-еркін боқтай беруге бола ма? Басшы кабинеті қоғамдық орын болып санала ма?» – деп жазды ол.
Алмат Азади есімді желі қолданушысы ІІМ-нен Әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатын балағат сөздердің тізімін жариялауды сұрады.
«Егер балағат сөзді біреуді кемсіту үшін емес, сөйлемдерді байланыстыру үшін қолданса ше? Сонымен қатар парсы, араб, поляк, грек, армян, грузин, кәріс тілдеріндегі балағат сөзді қолдансам ше? Мұның балағат сөз екенін кім бағамдайды? Өте көп балағаттайтын ІІМ министрлігінің қызметкерлеріне кім айыппұл салады?» – дейді ол.
Желі қолданушыларының наразылығынан кейін пікір білдірген ІІМ өкілі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі 434-бап (Ұсақ бұзақылық) бұрыннан бар екенін атап өтті. Тек ұсақ бұзақылықтар тізіміне ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқа адамдарға құрметсіздікті білдіретін осыған ұқсас әрекеттер қосылған. Сондай-ақ айыппұл мөлшері 4 есеге өскен.
«Егер стендапер көпшілік алдында нақты тұлғаға қатысты балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзса, оның әрекеті Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша қаралады. Сонымен қатар азамат балағат сөздері бар әнді қоғамдық орында әдейі қосса, бұл әрекет те осы баппен қаралады. Егер музыканы өзі тыңдаса және бұл өзге адамдарға бөгет болмаса, заңды бұзбайды», – деді Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев.
Азамат Құрымбаевтың сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
«Егер заң бұзушылық 1 жыл ішінде қайталанса, азамат 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Аталған бап бойынша ішкі істер органының қызметкерлері іс қозғайды, ал шешімді сот шығарады», – деп қосты ІІМ өкілі.