Онда аз-ақ күнде мемге айналған азаматтың кім екені туралы айтылған. Айта кетейік, қарапайым жұмысшының лифтідегі видеосы әлеуметтік желіде кең тараған еді.
«Күнделікті жұмыс күні болған. Тапсырма келіп, соған бара жатқан едім. Содан үшінші қабаттан лифт тоқтады. Арғы жағын өздеріңіз көрдіңіздер не болғанын. Мен сәл-пәл абдырап қалдым, не істерімді білмей қалдым. Шығып кетейін десем, шыға алмайтыным көрініп тұр. Сосын 1-2 қадам артқа жылжыдым. «Лифт қашан жабылады екен?» деп ойланып тұрдым. Негізі өмірде үнемі күліп жүретін көңілді адаммын, тек сол видеода солай түсіп қалыппын», — деді Айдос Уәлиев.
⠀
Айдостың Үкімет үйінде жүк тасушысы болып жұмыс істеп жүргеніне 9 жыл болыпты. Бірақ тілшілердің сұхбат алу сәтін талай мәрте көргенімен, мұндай жағдайға бірініш рет тап болдым дейді ол.
«Бұл видеоны бірінші негізі жаңалықтардан көрдім, кейін барып жан-жаққа тарап кетті. Туыс, қайын-жұрт бәрі көріп, жіберіп жатты. Жұмыста менімен суретке түскендер де болды. Өзімді көріп мәз болдым. Қылығым енді біртүрлі көрінді. Негізі журналистерді көріп, сәл қысылғаным рас. Алайда оларға еш ренішім жоқ. Келесі жолы мұндай жағдай қайталанатын болса, дәл осылай тұра беремін», — деді жұмысшы.