Алпысбай қарт: ешкі мен Изабель

0 1 259

Параграф 5.
Ангел моего сердца. Қазақтың жігіттері
Кезінде селсовет болған Мейрамбек далаға шығып келді.
Кемпір шәй демдеп қойыпты. Шақпақ қантты бір тістеп, таңғы
шелпекті «Бісмілдасын» айтып, ауызға салды да, сүт қатқан
шайды сораптап, дөңкиген жастықты астына алып ұрып,
жантая кетті.
Мейрамбек шәйді сүт қатып ішкенді ұнатады. Ауыл тегіс
сол. Болсын, болмасын, сүт қата береді. Марқұм көршісі Алпысбай ғана бара қалсаң шәйді сүтсіз беруші еді. Бергенде өзі
емес, кемпірі құяды ғой. Бірақ, сол тегі үйінде сүт ұстамайтын.
«Сүтті тек кофемен ішеді, далбан» деп ақшаң тістерін тегіс тізіп
қойып күлуші еді, Алпысбай. Кофені Кубада тұрған Алпысбай
білер. Бұл қайдан білсін?
Бірақ Мейрамбек те қара жаяу емес. Ол да не керек, шетел
көрді. ГДРда, Дрезденде служить етті. Дрезденде халық кофе
емес, басқа сусынды ұнатады. Сыра деген. Ой, Мейрамбек не
түрлі сыраны ішті ғой. Сүт қатып, қант салынған қара кофе
сияқты сыраны да көрді. Азот қосылатын сыраны да ішті. Одан
кейін біздегі Жигули дейтін өтірік сыраларға мүлдем жоламай
қойды. Аналардың қасында біздегі сыраны сыра деуге
батпайтын еді.
Сыра дегенде Талғат еске түседі. Талғат жігіттің төресі еді.
Бой десе бой, ой десе ой, кең иықты, толқын шашты. Немісшеңді
шашады. Фраудан бастап, фройлайндарға дейін артынан
жүгірді. Магдебургта тұрды Талғат. Шағын қалашық,
Дрезденнен алыс емес, былайша айтқанда Kleinstadt қой. Екеуі
кездесіп, сыр шертетін.
— Аспандағы құсты қарашы!
— Ұшып барады
— Ол азат, еркін Ангела! Біз сияқты жіпсіз байланбаған.
— Мен де азат едім. Бірақ сен жүрегімді ұрладың ғой.
Қылықты қыз Ангела Талгаттың иығына басын қойды да,
белінен қапсыра құшақтап алды. Көп фройлайннің ішінен
Талғаттың жүрек қылын шерте алған осы Ангела еді. Шашы
белге дейін жетеді, алтын сары блондинканың нақ өзі,
Ангеланы мен ГДРдің бетке ұстар аруы деп айта алатын едім.
Күзде Талғат Мейрамбекпен кездесуге Ангеламен бірге
келіп, таныстырды. Талғатқа барлық жағынан лайық, келісті де
парасатты қыз екен. Сол күні Мейрамбек Талғатты соңғы рет
көріп тұрғанын білмеді.
Артынан естіді. Қайғылы оқиғаның бүге-шігесіне дейін.
Өзін-өзі қоярға жер таппады.
Ангеланың жүрегінде ақау бар екен. Соңғы рет Ангела
талып құлағанда, дәрігерлер жасанды аппаратқа қосып, тек бір
апта ғана өмірі қалды депті. Жүрегін басқа жүрекке ауыстыру
керек. Донорлық кезекке жазылды. Бірақ кезек тым ұзақ
жылжиды. Ангела оған шыдамай өліп кетеді.
Талғат көп ойланбады. Жанарында нақты бір шешімге
келгені жазылып тұр еді. Отырды да, екі хат жазды.
Біріншісі қысқа еді. Ол дәрігерлерге. Ал екіншісі Ангелаға.
«Мен сенің жүрегіңді ұрладым дейтін едің. Менің жүрегім
мәңгі сендік. Ол сенің кеудеңде, ақыр демің қалғанша соғатын
болады. Екі жарты, бір бүтінбіз. Сенсіз маған бұл өмірдің көк
тиынға қажеті жоқ. Сен өмір сүруің керек. Мендегі бар
жылулықты өзіңмен алып жүруің керек. Мен сенің ішіңе кіріп,
еріп кеттім. Жүрегің болып соғам, қаның болып тамырларыңда
ағамын, ернің болып сүйемін.
Ангела! Қазақ деген халық бар. Олар «Жаным — арымның
садағасы» дейді. Елі үшін, жері үшін, сүйгені үшін, отбасы үшін
ойланбай өлуге дайын. Мен сол халықтың ұлымын. Жанымды
саған қидым».
Талғат екі хат, револьверін қолға алып, емханаға кірген.
Ессіз жатқан Ангеласын сүйіп, хатын қолына қыстырған.
Жиылыс жасап жатқан дәрігерлерге кіріп, қысқа жазылған
хатты соларға берген. Сосын бұрышқа барған да, револьверді
басына тақап, өзін атып тастаған. Хатты оқыған қарт хирург
Талғаттың неге олай істегенін бірден түсінеді. Дереу суып
үлгермеген жүрегін кесіп алып, Ангелаға салыпты. 5 күннен
кейін Ангела көзін ашады.
2008 жылы алапат дағдарыс келді. Дамушы елдерге тез
арада валюта қажет болды. Қазақстанның жағдайы тіпті қиын.
Тез арада валюта таппаса дефолт болады. Президент Дүниежүзілік банкке де, Халықаралық валюта қорына да
шырылдап хат жазды. Бірақ жауап жоқ.
Енді қайтпек керек? Ел тұрмысы тығырыққа тіреліп
тұрғанда, көмекшісі кіріп, «Нұрсұлтан Әбішұлы, Германиядан
телеграмма келді» деді. Телеграммада былай деп жазылған
екен.
» Аса қадірлі Президент! Қазақстандағы қазіргі қиын
жағдайды ескеріп, Германия көмек ретінде 10 миллиард евро
жібереді. Ақшаны қайтарудың қажеті жоқ. Ол қаржы сіздерді
қиындықтан құтқарады. Сіздердің көркеюіңізді қалаймын.
Сіз біле бермейтін шығарсыз. Бірақ менің де жүрегім қазақ деп
соғады.
Құрметпен, Германияның Федералды Канцлері Ангела
Меркель»
Сол күннен бастап, Қазақ елі дағдарысты еңсеріп, даму
жолына түсті.
Осымен не айтқым келді? Қазақ жігіттеріне рух бергім
келеді. Жігіттер ұсақталып кетті, анау-мынау деген болмайтын
әңгімелер естіп қаламын. Бірақ керек кезде, қазақтың жігіттері
сендерге жүректерін кесіп береді. Жау келсе олар ешқайда
қашпайды. Осы жерде, осы елде қасықтай қаны қалғанша
соңына дейін тұрады. Біздің қанымыз осындай. Сатпаймыз да,
сатылмаймыз да!

Параграф 6.
Менің тарақанымның көлеңкесі
Мейіржан Тесладан түсіп, ауылына қарағанда, күйіп кеткен
алқапты көрді. Бала кезінде қандай жасыл еді, шіркін. Тоспада
шомылатын еді. Өзен қайда? Суалып қалған сияқты. Ауылда
адам да азайып қалғандай. Мал қайда? Мал көрінбейді.
Атасы мен апасының басына келіп құран бағыштауды
талай жыл армандап еді. Гуглде жүргенде проектілерден шыға алмады. Одан кейін Илон Маск өзіне орынбасар қылып алды да,
4 жыл бойы Марсқа ұшатын ракетаның модулімен айналысты.
Артынан Rocket Biotech компаниясын құрып, Марста өсетін
шөптің биотехнологиясын ойлап тапты. Компанияны IPO-ға
шығарып, 30 пайыз акциясын 3 миллиард долларға сатты.
Мейіржан енді ресми миллиардер әрі Rocket Biotechтың ең ірі
акционері.
Атасы Алпысбайды Мейіржан сұмдық жақсы көрді.
Алпысбай қарт мықты еді. Енді сөз жоқ, тіпті базар жоқ мықты
еді. Кубаға барып соғысқан, қылмыскерлерді атып тастаған,
қиянатты көрсе шыдамайтын, талайға шапағаты тиген мәрт,
принципшіл азамат болды.
Мейіржанның жазда мектебі біткенде атасы Алматыға
арнайы келіп алып кетіп, ауылда аунап-қунататын. Атасының
жанында ұйықтайтын, әңгімесін тыңдайтын. Атасы, апасы
үшеуі күрең шәй ішетін. Ыстық бауырсақпен. Атасы орыстардан
бал алатын. Бауырсақты балға малады. Соны жеп шәй ішеді.
Тәтті еді шәй.
Дүниеде бармаған жері жоқ Мейіржанның. Барбадостан
Могодишаға дейін шарлады. Бірақ мұндай шәй ішпеді. Аташым
менің, апатайым….
Ағузу биллахи мина шайтани раджим, бисмиллахи рахмани
рахмм. Әлхамдуллилахи рәббил аламин…
Атам мен апамның әруағы риза болсын. Жалғыз тұяқ
Мейіржан. Әкесі Біржан да жалғыз ұл. Алпысбайдан басқа тұяқ
өрмеді. Атасы мен апасы қайтқаннан кейін әке-шешесі Америка
Құрама Штаттарына түбегейлі көшті. Әкесі ұзақ жылдар бойы
Apple-де департамент басқарып, сол жерден пенсияға шықты.
Мейіржан Массачусетсті қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын
Гуглдан бастаған еді. Миллиардер болып, Қазақстанға, атасы
мен апасына құран бағыштап келіп жатқаны осы.
Мейіржан ауылда не көрді? Тозған үйлер. Шіріген
тракторлардың қаңқалары. Кәрі-құртаңдар болмаса, жас
балалар көрінбейді. Ауыз суды алыстағы құдықтан тасып ішеді.
Бақша егуді қойған. Асфальт жол жоқ.
Атасының құрдасы Мелстің үйіне аяңдады. Қария үйінде
екен.
— Атаң жарықтық осы жердің киесі еді, деді ақсақал, шәй үстінде.
— Алпысбай қалай кетті, солай ауылдан бақ тайды. Оның өсірген
бақшасына қарап, бой түзеп, жұрт та жер шұқылап еңбек етуші
еді. Монополия деген болмайтын. Жерді иеленіп алу, бір-бірінен
қызғану жоқ еді. Ол техниктерді әкеп, суды жыл сайын тексеріп,
насостарды жөндететін. Ал қазір ешкімге керек емес. Атаңның
200 жылқысы болды, білесің. Соны әкең Біржан үйленген
кезінде көп болса жиырмасын алған шығар, қалғанын осындағы
ел-жұртқа таратып берді. Сол жылқыларды ауылдың маңында
жаятын жер жоқ, өңшең сойып, ұрлатып, тоз-тозын шығарды.
Атаң тұрған қара шаңырақты қаңырап қалмасын деп
Сеңгірбайдың баласына табыстадық айналайын.
Қарияның айтуынша ауылдың маңындағы жайылым
жерлердің бәрін бұрын колхозды басқарған Болысбек деген кісі
сатып алған. Қазір жұрт малын жаймасын деп айналасына ор
қазып, қызғыштай қорып отырған көрінеді. Ондағысы содан
шөп орып, сатады екен. Ақсақалдың монополия деп отырғаны
сол. Малын жая алмаған біраз жұрт көшіп кеткен. Қалғандары
азғантай малды ғана қалдырып, пенсия, пособияларына сол
Болысбектен шөп сатып алып отыр екен. Оның өзінде екі жыл
қуаншылық болып, ауыл шөпсіз қалған. Судың түрі анау. Баяғы
үлкен бұлақ тартылып қалған.
— Ол күтімнің жоғынан тартылған, дейді Мелс қария. Дұрыс
күтім жасап, трактормен тартып қалса бұрқанып су атыларын
ішім сезеді. Ешкімге ештеңе керек болмай қалды ғой.
Е-мае деп ойлады Мейіржан. Адамдар тұрып, көтендерін
көтеріп қолдарына күрек алып істеуге болар еді. Оның орнына
беріле салған. Жастар кетіп қалған. Қалаға жете алмағандары
ауданда ұсақ-түйек тиынға жалданып жүр екен.
Ауылға не керек? Жер, су, мал, шөп, жеміс-жидек, көкөніс
өсіретін огород, жол, жақсы үйлер, жол, 4g интернет, сосын ең
бастысы жастар керек.
Атасы барда ауылы қандай жасыл еді, шіркін. Тоспада
шомылатын еді.
Болысбек ауылда емес, ауданда тұрады екен. Теслаға мініп
соған тартты.
«Жер керек болса 5 миллион теңгеге сатып ал», — деді Болысбек.
Мейіржан сөмкесінен санап 5 миллион теңге шығарғанда өз
көзіне сене алмай біраз отырды. Сатсам сатайын, бәрібір шөп
шықпай құрып барады деп ойлап еді. Ақыры сандықтан
жерлердің құжаттарын шығарып, екеуі артынан нотариусқа
кетті.
Жер енді Мейіржанда. Ауылға келіп жиналыс ашты.
«Бүгіннен бастап жер осы ауылдікі. Қай жерге мал жаям
дейсіңдер, еркін жая беріңдер» — деді. Ауыл адамдары малдарын
арғы таудан айдап әкелетін болды.
Biontechте Мейіржан Марста өсіруге арналған, кез-келген
қуаншылық болсын, аяз болсын, бұршақ болсын, жайқалып өсе
беретін, шапсаң 2 минутта қайтадан өсіп шығатын RTF-U28 шөп
тұқымын жасап еді. Ауызекі оған «Райан» деп ат қойған.
Машинасында Райан шөбінің тұқымдары бар. Осы ауылға егіп
көрсе қайтеді?
Сол күні Мейіржан осы шешімінің бүкіл Қазақ елінің
тағдырын біржолата өзгертерін білмеген еді.
Ол ауыл адамдары таудан малдарын әкелгенше дайын
жерге Райан шөбін егіп тастайын деп шешті. Бір жағынан жақсы
эксперимент. Екінші жағынан еш қиындығы жоқ. Трактор да
керек емес. Тұқымды қолмен шашып тастаса болды. Суғарудың
да керегі жоқ. Ертесінде бітік болып өсіп шығады. Одан кейін
болды. Мал қанша таптаса да құрымайды. Бітік болып өсіп,
қысы-жазы тұрады. Жаңбыр жауса сіңіріп алады, қар жауса
бірден ерітіп, суын сіңіреды. Аязды болдырмайды. Яғни қардың
астында қалмайды. Жазда құрғап, күйіп кетпейді. Райанда
ауаның ылғалын жинай алатын қасиет бар. Демек оны жеген
мал су ішкісі келмейді. Малды суғарудың да қажеті жоқ. Қажет
тұзын, кальцийлерін да Райан өзі береді. Демек мал Райанды
жесе, одан басқа малға ештеңе керек емес. Енді жұттан
қорықпауға болады. Шөп жинаудың, қораның қажеті жоқ. Мал
осы жерде қысы-жазы семіріп тұра береді.
Мейіржан түске дейін Райанды сеуіп тастап еді. Түстен
кейін тұнық жасыл, әдемі, күлгін түсі қатар ойнайтын белге
дейін келетін шөп өсіп шықты. Шөп Мейіржан сатып алған,
ауылдың төмен жағындағы 50 гектар жазықты түгел қамтыды.
Енді малдың таудан түскенін күту керек. Мал алыста болса да,
Райанның иісін сезіп, ауылға жеткенше асықты. Қазақ үшін
жылқының сүр еті, түйенің тұздалған өркеші, жаңа сойылған
қой еті, қойдың тұздалған құйрығы, қазы-қарта, жал-жая салып,
қолдан иленген қамырмен өрнектелген ет қандай болса, малға
да Райан сондай еді.
Шөпті ойлап тапқан Мейіржан да, біз де сол кезде
Райанның бір қасиетін білмеппіз. Райан жеген мал жылына емес,
ай сайын төлдейді екен. Ал оны көкөніс пен жеміске
будандастырып өсірсе, жұлып алған жемісің бір күннен кейін
қайта өсіп шығады. Оны ауыл кейін білетін болады. Ал әзірге
мал таудан түсіп келе жатты. Мейіржан шәй ішіп, жаңадан пайда
болған Райан алқабына қарап отыр.
Біз де малдың ауылға келгенін күтіп отырдық…

Авторы : Айбар Олжаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.