«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» мен Respublica партиясы бірқатар өңірде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулымен мәслихат депутаттарын сайлауға тек үш облысқа ғана жіберілді. Қазіргі уақытта партия филиалдары бірқатар басқа облыстарда және Алматы, Шымкент пен Астана қалаларында құрылды. Respublica партиясы да қазіргі уақытта өздерінің филиалдарын құрған аймақтарда ғана мәслихат депутаттарын сайлауға жіберіледі. Осыған орай «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясын» Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберудің кейбір мәселелері туралы қаулыны, Respublica партиясының Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарғанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулыны қабылдау ұсынылады», — деді ОСК отырысында комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдады.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Байтақ» саяси партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында мәслихат депутатын сайлауға қатыса алатындығын, Respublica партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің болмауына байланысты мәслихат сайлауына жіберілмейтіндігін айтқан еді.
Ал ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, жоғарыда аталған 2 партия да Қазақстанның Халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «AMANAT» партиясы және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясымен қатар Мәжіліс сайлауына қатыса алады.