– Үшінші ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласындағы маңызды құжатқа қол қойып, жұмыс сапары аясында Жамбыл облысына барды. ҚазАқпарат Мемлекет басшысының жұртпен кездесуге толы болған жұмыс күні қалай өткеніне шолу жасады.
Әуелі Ақордадан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойғаны туралы ақпарат тарады. Бұл құжат әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыруды көздейді.
Одан кейін Президенттің Жамбыл облысына жұмыс сапарымен ұшып барғаны хабарланды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірқатар агроөнеркәсіп кешенін аралап, әлеуметтік нысандардың қызметімен танысуы керек еді.
Әулиеата жеріндегі сапар жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл қоюдан басталды.
«Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы жергілікті руханият белсенділерінің ортасында тұрып.
Жергілікті активпен ескерткіш басында аз-кем пікір алмасқан Президент әңгіме арасында алдағы кезектен тыс Мәжіліс сайлауынан қандай үміт күтетінін айтып қалды.
«Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік», – деді Қ.Тоқаев.
Жамбыл өңірінің руханият белсенділерімен кездесуден кейін Мемлекет басшысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйіне бас сұқты. Қонақүйден студент панасына айналған әлеуметтік нысанда Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының оқытушылармен және студенттермен кездесті.
«Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді Мемлекет басшысы.
Президент Студенттер үйінде білім іздеген жастарға жасалған жағдаймен танысып, өзінің студент шағынан естелік айтты.
«Мен де Мәскеуде оқыған кезде осындай жатақханада тұрдым. Бір бөлмеде 4 адам, соның ішінде бір вьетнамдық, бір поляк, бір орыс жігіт болған еді. Жағдай жалпы жаман емес», — деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жамбылдағы жұмыс сапарының аясында ауыл мектебін де аралауға уақыт тапты.
Байзақ ауданы Көктал ауылында былтыр ғана қолданысқа берілген жаңа білім ордасында 1207 оқушы оқиды. Президентке үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылғаны баяндалды. Директор Аят Сенбекұлының сөзіне қарағанда, білім ошағында 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт зал, шеберхана, кітапхана, медициналық пункт пен асхана бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған көрінеді. Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланғаны да айтылды. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Байзақ ауданындағы сапары Мырзатай ауылындағы голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасында жалғасты.
250-ге жуық ауылдасын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіріп, ішкі нарықтан артылғанын Ресей мен Қырғызстанға экспорттайды.
Өңірде тұрғындардың тұрмыс табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» дейтін бағдарлама жұмыс істейді. Байзақ ауданындағы Талас ауылында бұл бағдарлама Президентке сәтті іске асып жатқан бастама ретінде таныстырылды.
Жоба бойынша 2025 жылға дейін Жамбыл облысының 153 ауылдық округінің халқына 2,5 пайыз мөлшерлемемен 87,8 миллиард теңге несие беру көзделген.
Бұл бағдарламаның тәжірибесін өзге өңірлерге тарату көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасын республиканың барлық өңірінде жүзеге асыру үшін облыс әкімдіктеріне 2023 жылы 52,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 11606 микрокредит, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша 11,5 миллиард теңге көлемде 3,6 мың микрокредит беру жоспарланған.
«Қостөбе-2019» кооперативінде жергілікті шаруалармен жүздескен Мемлекет басшысы аграрлық салаға баса көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
«Жалпы, ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырмыз. Президент болып сайлағаннан кейін, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алдағы үш жылда кооперацияларды дамытуға 1 триллион теңге бөлеміз. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек. Мемлекет ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әрқашан қолдау білдіреді», – деді Президент.
Қостөбе ауылының кәсіпкері Саламат Рахманбердиев Мемлекет басшысының қолынан дәнүккіш аппарат сыйға алды.
Кәсіпкер ісін мал бордақылап сатудан бастаған көрінеді. Кейін артылған табысына жүк көлігін сатып алған. Өзінің айтуына қарағанда, 2020 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге несие алып, мал басын сол көмектің арқасында көбейткен. Енді жем сататын дүкен ашып, мал басын көбейту түсу үшін 10 миллион теңге кредит алуға ниеттеніп отыр.
Осыдан екі жыл бұрын әскери қоймадағы жаралыстың кезінде бүкіл республикаға аты танылған Сарыкемер ауылында Президент жаңа емхананың жұмысымен танысты.
Мұндағы мамандардың сөзінше, медициналық мекемеде 125 мың адам тіркелген. Жалпы Жамбыл облысында 2023-2024 жылдары 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Оған бюджеттен 5,2 миллиард теңге бөлініп отыр.
Президенттің Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары мәдени нысанда басталып, мәдени нысанда түйінделді.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде Мемлекет басшысы «Шебер шаңырақ» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, Асыл-Дизайн» сән үйі және басқа да ұйымдар шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалады.
Көрмеге 29 қолөнер шеберінің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстар, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар қойылған.
Айта кету керек. жуырда Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгені туралы сертификат алған.