Енді қазақ тіл жасанды интеллект арқылы оқытылмақ. Тіл мамандары қазірдің өзінде бірқатар оқулықтарды цифрлі жүйеге ауыстыруда Бұл жөнінде Таразда өткен «Тілдерді оқытудағы инновациялық және интерактивті әдіс-тәсілдер» атты республикалық семинарда айтылды.
Тіл жанашырларының басын қосқан республикалық семинарды Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашып, модератолық етті.
Қазақ тілін оқытудың жаңа, инновациялық тәсілдерін ұсыну, қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру мақсатындағы семинар екі кезең бойынша ұйымдастырылды.
Бірінші кезеңде жиынға арнайы шақырылған спикерлер тақырыпқа қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл саясаты комитеті» әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Көкен Айнагүл Қожаназарқызы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Оксфорд университеті Азия және Таяу шығысты зерттеу факультетінің қазақ тілі маманы Дидар Садық, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ӘдістемеLab бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Мақсұтқызы Искакова, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі, докторант Игенова Алмагүл Ақмашқызы, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы баяндама жасады. Семинарға республика мен облыстан 200-ден аса тіл мамандары мен педагогтер қатысты. Оларға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Мәселен, қазір қазақ тілін үйрету жаңаша форматқа ауыстырылуда. Яғни, цифрлі жүйені пайдалана отырып, жасанды интеллекті арқылы білім беру.
-Қазақ тілі қазіргі жаңа технологиялар дәуірінде өзінің цифрлық ортаға бейімдігін және жасанды интеллектке негізделгенін дәлелдеді. Бұл тіліміздің заманауи талаптарға сай дамып,әлемдегі әлеуеті жоғары тілдердің қатарынан табылғандығының айқын көрінісі деп білеміз. Осы арқылы біздің ұлтымыз тіл мен технологияны табысты ұштастырып қазақ тілінде ойлана алатын, мәтіндерді түрлендіре алатын,сөздерді генерациялап, оқыта алатын ұлттық тіл моделін қалыптастырған алғашқы 15 мемлекеттің қатарына енді,-дейді ҚР Ғылым және Жоғарғы білім министрлігінің басқарма басшысы Айгүл Көкен.
Семинардың екінші кезеңінде Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі Әйгерім Болатбекқызы Молдабаева, Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Досмаилова Жазира Оңласынқызы, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығы» ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Байғабыл Айгерім Кенжеқызы тіл үйретудегі тәжірибесімен бөлісті. Жалпы статистикаға сүйенсек, облыс халқының 91,9 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бағытында тұрғындар арасында тілдік курстар өткізілуде. Бұдан бөлек, «You Tube» каналдарында қазақ тілін меңгеруге бағытталған бейнесабақтар топтамасы жарияланған. Осылайша , семинарға қатысушылар тіл үйренудегі өзекті мәселелерді талқылап, өз тәжрибиелерімен бөлісті. Заман ағымына қарай дамыған технологияны пайдаланып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жайын жан-жақты айтып, жиынды түйіндеді.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.