— Шымкент қаласының аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігі осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала аумағында 10 гидротехникалық құрылыстың, 4 ірі өзен мен 27 каналдың жағдайы бақылауға алынған.
Қала аумағындағы су қоймаларының толуы — бүгінгі күні 2-ден 65%-ке дейін.
Қазіргі уақытта тасқын суды қабылдау үшін су қоймасында қор жеткілікті. Өзендердегі судың деңгейі төмен.
ТЖ департаменті жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп су басудың салдарын жоюға 40 мың қап дайындап, әр ауданның су басу қауіпті орындарға жақын жерге жиналған.
Су тасқынының алдын алу мақсатында қаланың 5 ауданы аумағынан 63 мың текше метр қар қауіпсіз жерге шығарылды.
Қала аумағындағы су басу қауіпті аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша шеткі және қырлы жерлерде (Забадам елді мекені, 195 орам, Елтай елді мекені, Тұран мөлтекауданы) қардың көп мөлшерде жиналып, күн жылып еріп және де үстінен жаңбыр жауса, су басу жағдайлары болуы ықтимал.
Аудандық төтенше жағдайлар басқармалары аудандық әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал учаскілерге жерүсті мониторинг жүргізіп, қауіпті деп танылған учаскелердегі каналдарды, ирригациялық жүйелерде жиналған мұз бен қоқысты тазартты.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 30 қаңтардан бастап ерекше өкімге дейін департаменттің дағдарыс орталығында тәуліктік кезекшілік ететін штабы ұймдастырылып, үйлестіру жұмыстары атқарылды.
Қалада 2 ақпанда жауын-шашын жауып, департаменттің бөлімшелері мен аудан әкімшілігі 30 мекенжай бойынша су шығару, бөгет жасау жұмыстары жүргізілді.
Қала бойынша 30 мекенжайда 2230 м3 су шығарылып, 200 дана қаппен бөгет жасалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200 адам, 32 мотопомпа, 42 техника жұмылдырылды.
Су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайға қарсы тұру үшін күш-құралдар, оның ішінде 535 адам, 101 техника, 17 қайық, 78 дана мотопомпа дайын тұр.
Еске сала кетейік, Жамбыл мен Алматы облыстарында 200 құтқарушы түні бойы су тасқынының алдын алғанын жазған едік.
Кеше Жамбыл облысының бірнеше ауданында ауылдарды су басты.