«ҚазМұнайГаз» биыл 23 миллион тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр

0 12

Мемлекет басшысына «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының былтырғы өндірістік жұмыстарының негізгі қорытындысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды.

Ақорданың ресми сайтының хабарлауынша, берілген мәліметке сәйкес компания көмірсутектерді өндіру, өңдеу және тасымалдау бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл «ҚазМұнайГаз» 23 миллион тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

Президентке Өзен кен орнын оңалту жөнінде де есеп берілді. Бұл жобаның экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар.

Бұдан бөлек, Мағзұм Мырзағалиев компанияның геологиялық қорларын ұлғайту перспективалары туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде перспективті жаңа жобаларға инвестиция белсенді түрде тартылып жатыр.

Мемлекет басшысына «жасыл жобаларды» дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

«ҚазМұнайГаз» басшысы компанияның кәсіпорындары орналасқан өңірлерде халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының, әсіресе көктемгі егіс жұмыстары қарсаңында үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.