Президент Наурыз мейрамына арналған бірқатар шараға қатысты

0 6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арналған іс-шараларға қатысып, барша қазақстандықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын мезгіл. Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы», – деді Президент.

photo

Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын тың бастама көтеріп, елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар ұсынғанын еске салды.

«Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық. Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі Әз-Наурызбен толық үндеседі, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз мүлде жаңа сипатқа ие болды. Мұны дүние жүзінің көптеген елдері мойындап отыр. Енді саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Бұл реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Реформаларымыз міндетті түрде жалғасын табады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз. Бұл – негізгі мақсатымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

photo

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болатынына сенім білдіретінін айтып, мемлекеттің мүддесі бәрінен биік екеніне назар аударды. Президент ел болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін атап өтіп, отандастарымызды еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.

«Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

photo

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысты. Акцияның мәні – наурыз айы бойына халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындау.

photo

Астана Жастар ресурстық орталығының еріктілері Мемлекет басшысынан сандықтан алғашқы хатты алып оқуды сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев хат иесінің тілегі орындалатынын жеткізіп, осынау игі істі бастаған жастарға ризашылығын білдірді.

photo

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған «Жеті Қазына» мәдени-спорт іс шарасына қатысты.

Алдымен Президент тазы иттердің көрмесін тамашалады. «Nomad» ұлттық саятшылық» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев тазыны сақтау, өсіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

photo

Мемлекет басшысы тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.

«Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбет иттерді халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуға тиіс. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық қажет. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

photo

photo

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Nomad Stunts тобының өнерін тамашалады. Каскадерлер аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, садақ ату сияқты ұлттық ойын түрлері мен көшпенділердің әскери шеруін көрсетті.

photo

Nomad Stunts тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов Мемлекет басшысына 2020 жылы каскадерлерге берілетін Taurus World Stunt Awards жүлдесін жеңіп алғанын айтты.

Президент қазақтың қайсарлығы мен ұлттық спортымызды әлемдік кинематографияда дәріптеп жүрген Nomad Stunts тобына сәттілік тілеп, Жайдарбек Күнғожиновке ер-тоқым сыйлады.

photo

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған отандық өнер жұлдыздарының концертін тамашалады.

«Қазақстан» орталық концерт залында белгілі әншілер Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Мейрамбек Беспаев, Рухия Байдүкенова, Әлішер Кәрімов, Қанат және Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ Астана қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрі, Жас көрермен музыкалық театрының солистері және басқа да өнерпаздар ән шырқады. Концертке композитордың жұбайы Жәмилә Қалдаяқова да құрметті қонақ ретінде қатысып, ұлы Мұхтар мен немересі Айсұлу Қалдаяқовтар өнер көрсетті.

photo

photo

photo

photo

photo

photo

photo

photo

photo

photo
Leave A Reply

Your email address will not be published.