Қазақ халқы ежелден бері қыстан аман шыққан соң, туыс-жекжатпен көрісіп, Жыл басы Наурыз мейрамын тойлаған. Ұлыстың ұлы күні бар дәмдісін дастарханға қойған халқымыз жарыса Наурыз көже дайындайды. Алайда қазіргі уақытта көпшілігі мерекенің басты тағамы – Наурыз көженінің мәні туралы біле бермейді. Оның үстіне дастарханға қойылатын төрт ырыс та ұмыт бола бастаған.
Наурызда дастарханға қойылатын төрт ырыс
Этнограф Болат Бопайұлы өз сөзінде Наурыз мейрамы кезінде дастарханға төрт ырыс қойылатынын айтады. Бұл «төрт құбыламыз тең болсын, төрткүл дүниеде төрт жұртымызбен (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты, ел жұрты) аман жүрейік» дегенді білдіреді екен.
«Қызыл ырыстан – ет тағамдары, ақ ырыстан- айран, қымыз, шұбат, қымыран, құрт, ірімшік, қаймақ, сары май, көк ырыстан — алма, жүзім, мейіз, өрік, т. б., ал дақыл ырыстан – нан, бидай, бұршақ, шелпек, бауырсақ сияқты дәмдер дастарханға толтыра қойылады», – дейді ғалым.
Сонымен қатар Наурыз көжеге жеті дән салынуының да өзіндік мәні бар екенін жеткізді.
«Жеті атадан қыз алыспайтын қазақ халқының асыл дәстүрінің жиынтығы Ұлыстың ұлы күні жайылатын ақ дастарханнан да көрініс табады. Мысалы, жеті дән салып Тілеу көже жасауы – жеті қат көктің астында, жеті қат жердің бетінде жеті атамызбен аман болайық, ұрпақтарымыз жетелі болсын дегені», – деп қосты ол.
Ғалым мерекеде үйге келген қонаққа алдымен Наурыз көже ұсынатынын айтады. Ал дастарханда бас қосқанда береке туралы, ел-жұрттың амандығы жайлы, ұлттық салт-дәстүр туралы керемет кеңестер айтылады, дейді ол.
«Ұлыс күні тайқазанға бидай, тары, күріш, бұршақ, ет, үн,тұз қосып жеті дәннен » Тілеу көже» жасайды. Оны дүйім қазақ тегіс біледі. Ал аналарымыз соғымнан қалған сүрленген жілікті арнайы «Тілеу көже» үшін сақтайды. Бұл әлі күнге дейін бар. Сосын қонақтар келгенде көже құйылады. Тілеу көже ішуден бұрын, ақ бата оқылып, тілек, дұға айтылады, бақыт, бақ тілейді. Бірінші Наурыз көжеден ауыз тию – ұлыс күнге жайылған дастарханның басты тағамына деген құрмет», – дейді этнограф.
Болат Бопайұлы көже ішкен соң бірден дастарханнан тұрып кетуге болмайтынын қосып өтті.
«Қазір де көжені барлық дәстүрлі сақтап, дәмді етіп жасайды. Алайда көже ішіп, қарын тойған соң, шала-шарпы бет сипап, орындарынан тұрып кете береді. Қазіргі кезде Наурыз көженің ұлы және киелі, береке асы екенін ұмытпай, ықыласпен ішу қажет. Мұндай олқылықты жою үшін жастарға Наурызда табалдырықты ықыласпен аттау керегін айтып, мереке мен суысынның терең мағынасын түсіндіру керек», – деп түйіндеді маман.
“Халқымыз Наурыз көжені “Тілеу көже” деп атаған”