Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев «Аммофос және аммоний нитратын әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының аумағынан аммофос (Еуразия экономикалық одағы сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасының коды 3105590000) және аммоний нитратын (Еуразия экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасының коды 3102309000) автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынсын» делінген министрдің бұйрығында.
Экспорттық шектеуді іске асыру мен қадағалау Индустриялық даму комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жүктеледі.
Бұйрық 9 маусымнан бастап ресми күшіне енеді.
Қоса кетсек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен кеше Қазақстаннан көмір мен лигнитті автокөлікпен әкетуге жарты жылға тыйым салынған еді.