Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» бірінші саммитінде араб елдеріне Орталық Азияның туристік әлеуетін бірлесіп дамытуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Орталық Азияның бірегей туристік ресурстары бар және оны пайдалану керек. Туризм индустриясы аймақ экономикасының қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып саналады. Осыған байланысты біз туристік өнімді мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларда өзара ілгерілетуді дамытуға дайынбыз», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда Қазақстан араб мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесінің барлық елдері үшін визасыз режимді енгізгенін еске салды.
«Сондай-ақ сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынасы жолға қойылды.
Мен атаған бастамалар Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеу бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайды», — деді Мемлекет басшысы.