АҚШ-та нәрестелер арасындағы өлім-жітім көбейді

0 14

2022 жылы АҚШ-та соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет нәресте өлімінің өсімі тіркелді. Каzinform агенттігі бұл туралы CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Елдің Ұлттық денсаулық статистикасы орталығының сәрсенбіде таратқан есебіне сәйкес, нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылдан 2022 жылға дейін 3 пайызға өсті. Неонатальдық өлім көрсеткіші (туғаннан кейінгі алғашқы 28 күнде) 3%-ға, ал постнеонаталдық өлім-жітім (яғни, 28 күннен 1 жасқа дейінгі сәбилер өлімі) 4%-ға өсті.

Әйелдің преэклампсия немесе мерзімінен бұрын босануы, сондай-ақ бактериялық сепсис сияқты асқынулардан туындаған шетінеуі сәйкесінше 8% және 14% өсті.

2022 жылы шетінеген нәрестелердің жалпы саны 20 538 болды.

«Біз айтарлықтай ресурстарға ие елде тұрып жатырмыз, сондықтан нәресте өлімі мен оның өсуі таңқаларлықтай жоғары. Балалардың дені сау, ересек болып өсуіне көмектесетін педиатрлар үшін кез келген баланың өлімі – тым көп. Бұл елде нәресте өлімінің көрсеткіші қабылдауға келмейтін дүние», — деп жазды американдық педиатрия академиясының президенті, доктор Сэнди Чанг CNN-ге электрондық хатында.

Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары үшін нәресте өлімі – көбіне елдің денсаулық сақтау жүйесін бағалаудың эталоны, деді NCHS медициналық статистик маманы және есеп авторларының бірі Даниэль Эли (Danielle Ely).

Оның айтуынша, биыл балалар өлімінің өсуі бір жылдағы «біртүрлі ауытқулар» немесе денсаулыққа қатысты проблеманың белгісі болуы мүмкін. Соны нақты білу үшін оларға келесі жылдың деректері қажет.

Бұдан бір жыл бұрын, яғни 2021 жылы, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының талдауы 2020 жылдан бері нәресте өлімінің жалпы саны өскенімен, өлім-жітім деңгейі бұрынғыдай болып, 1000 тірі туылғанға шаққанда 5,44 өлім болғанын көрсетті.

Жаңа есепте бұл көрсеткіш 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 5,60 нәресте өліміне дейін көтерілген.

NCHS зерттеуі балаларынан айырылған аналардың орташа жасы 25-29 жас екенін көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.