Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті Сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Кабенов ел аумағындағы жолдардың бойында интернеттің базалық станцияларын орнату процесі жайында түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Әкімдіктер тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп жатыр. Цифрлық инфрақұрылым бойынша мемлекет антенна бағандарын салуды өз мойнына алады. Осыған республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінеді. Осы инфрақұрылымды салуға республикалық бюджеттен, жергілікті бюджетке қаражат аударылады. Ал байланыс операторлары жол бойында орналасқан қолданыстағы базалық станцияларды жаңартады. Сонымен қатар, жаңа инфрақұрылымға да жаңа базалық станцияларды орнатады, яғни өз қаражаты есебінен іске асырады. Бұл жұмыстар 2024 жылы басталады деп жоспарланған», — деді О. Кабенов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл жұмыстарға бюджеттен 60 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Ұлттық жоба аясында инфрақұрылым құрылысына шамамен 61 миллиард теңгені және мобильді интернеттің өзін қамтамасыз етуге 30 миллиард теңгеге тарта қаражат бөлінетіні қарастырылған. Осы 30 млрд теңгені ұялы байланыс операторлары өз қаражаты есебінен бағыттайды. Ал 61 млрд теңге республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылды. Бұл ретте, республикалық жолдар қамтылады», — деді комитет өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар келер жылы басталып, 2027 жылы аяқталады.