Денсаулық сақтау министрлігі елдегі қызылша ауруының таралуына қатысты соңғы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.
«Бүгінгі таңда қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2023 жылдың басынан бастап республика бойынша қызылшаның 20 188 жағдайы тіркелді. Оның 81% — ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, бұл — 16 351 жағдай. Жасөспірімдер арасында 706 жағдай тіркелді – бұл ересектер арасында 3,4% және 15,4% тіркелген, яғни 18 жастан асқан – 3 131 жағдай», — деді Денсаулық сақтау минитсрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қызылша аурулары барлық аймақтарда тіркелген.
«Қызылша жұқтырғандардың көбісі Шымкентте – 3 069 жағдай, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 263,5, Алматыда – 3 010, Алматы облысында – 1812 жағдай, Жамбыл облысында – 2 724, Маңғыстау облысында – 1701, Атырау облысында – 1377, Ақтөбе облысында – 1485 жағдай және Қызылорда облысында-1182 жағдай тіркелді. Күн сайын ел аумағында қызылшаның 350 — ге жуық жағдайы тіркеледі және негізгі сырқаттанушылық вакцинацияланбаған адамдарға тиесілі. Ауруды жұқтырғандар вакцина алмаған. Оның ішінде 83,6% балалар», — дейді ол.
Оның айтуынша, ұжымдарда, 643 мектепте қызылшаның 1466 жағдайы тіркелді. Соңғы 72 сағат ішінде 3898 адамға вакцина салынды.