Назарбаев Университеті (NU) қамқоршылық кеңесінің шешімімен Аслан Сәрінжіпов NU-дың атқарушы вице-президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.
Ол бұған дейін Қазақстанның Білім және ғылым министрі лауазымында жұмыс істеген және NU-дың ашылуының басы-қасында болған.
Сонымен қатар, ҚК шешімімен NU-дың жаңа вице-президенттері тағайындалды.
Дархан Біләлов, жоғары білім саласындағы PhD докторы. Бұрын Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті қызметтерін атқарған.
Ерлан Шоланов, МВА магистрі. Бұған дейін Назарбаев Университетінің жоғары білім мектебінің атқарушы директоры, Kozybayev University басқарма төрағасы-ректоры, Нархоз университеті провосты лауазымдарын атқарған.
Әсел Уәлиева, DBA докторы. Бұған дейін Назарбаев Университетінің жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Операциялық қызмет жөніндегі проректор қызметтерін атқарған.
NU академиялық еркіндік, меритократия, транспаренттілік және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстануды жалғастырады.
NU-дың жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттері өзін-өзі қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу, әлемдік ғылыми-білім беру қауымдастығымен сапалы интеграция және білім беру жүйесін дамыту мен ғылыми әлеуетті арттыруда қазақстандық университеттермен тығыз синергия мәселелері болып қала береді.
NU соңғы төрт жылда атқарушы вице-президент қызметін атқарған Арғын Қыпшақовқа алғыс айтады.