Бұл аптада шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропаға сапары және әлем елдерінің Орталық Азиямен қарым-қатынасы туралы жазған. Бұдан бөлек Германияға тасымалданатын мұнайдың артқанын жариялаған. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуынан оқыңыз.
ilsole24ore: Италия Қазақстанмен саудада Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орында
Италия дүние жүзіндегі негізгі шикізат өндірушілердің бірі Қазақстанға барған сайын ерекше назар аударып келеді. Фарнезеде Азия республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен екі ел арасындағы инвестициялар бойынша дөңгелек үстелге 100-ден астам компания мен қауымдастық қатысты… Бұл 16 меморандумға қол қоюға мүмкіндік берді, – деп жазды италиялық басылым Мемлекет басшысының Еуропаға сапарынан хабар таратып.
Фарнезе саммиті алдында Қасым-Жомарт Тоқаев республика президенті Серджо Маттарелламен және премьер-министр Джорджа Мелонимен кездесті. 19 қаңтарда оны Рим Папасы Франциск қабылдайды. Сапар соңында Қазақстан Президенті Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) және БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (WFP) штаб-пәтеріне барады, – деп жазды басылым 18 қаңтарда.
Айта кетейік, 18-19 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Италия және Ватикан мемлекеттеріне ресми сапармен барды.
NovaNews: Қазақстан президенті Тоқаев Римде Италия мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына жәрдемдеседі
Бұл – Тоқаевтың 2019 жылы Қазақстан президенті лауазымына кіріскеннен бері Италияға бірінші сапары… Дегенмен, соңғы жылдары Рим өзінің табиғи ресурстарына (тек көмірсутегі шикізаты ғана емес), географиялық орналасуына (Еуропа мен Қиыр Шығыс арасындағы сауда жолдарының орталығында) байланысты Орталық Азия аймағына әлдеқайда мұқият қарай бастаған сияқты… – деп жазды тағы бір италиялық басылым.
Еuractiv: Брюссельдегі көлік форумына дайындық аясында Схинас Орталық Азияны аралады
Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас 29-30 қаңтарда Брюссельде өтетін ЕО-Орталық Азия көлік инфрақұрылымы инвесторларының форумы қарсаңында Орталық Азияның бес еліне сапарын аяқтады. Схинас «Біздің еуропалық өмір салтын алға жылжыту» портфолиосымен сапарын бестіктегі ең үлкен ел әрі ЕО-мен қарым-қатынасты дамытудағы әлдеқайда алға басып кеткен мемлекет Қазақстаннан бастады. Бұл туралы euractiv агенттігі хабарлады.
Брюссель форумы Транскаспий көлік дәлізін 15 немесе одан аз күн ішінде Еуропа мен Орталық Азияны байланыстыратын мультимодальды, заманауи, бәсекеге қабілетті, тұрақты және жылдам бағытқа айналдырудың ұзақ мерзімді мақсатына үлес қосуды көздейді.
Схинас Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесіп, онымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелерін талқылады. Әшімбаев Еуроодақ Қазақстанның стратегиялық әріптесі екеніне тоқталып, ел екіжақты байланыстарды нығайтуға бейілді деп айтты. Схинас сондай-ақ қарым-қатынастарды нығайтуға қызығушылық танытып, Қазақстанның реформалар бағытын жоғары бағалады. Ол сондай-ақ ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесті, – деп жазды басылым Astana Times газетіне сілтеме жасап.
Еuractiv: Қазақстан мен ЕО мықты әріптестік үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеуі керек
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Еуропарламенттің жуырда қабылдаған «ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясы: күшті серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері» резолюциясына талдау жасады. Қазақстандық депутаттың пікірін Euractiv Media басылымы автордың бағанында жариялады.
17 қаңтарда Еуропарламент (ЕП) «ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясы: күшті серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер» резолюциясын қабылдауға дауыс берді. Еуропарламенттің жоспарлы құжаты болып саналатын қарар Еуропарламент депутаттарының ЕО-ның Орталық Азияға арналған жаңа Стратегиясын жүзеге асыруға берген бағасын көрсетеді.
Менің ойымша, Еуропарламенттің «Орталық Азия 2024» резолюциясы өткен жылдардағы ұқсас құжаттардан реңкімен ерекшеленеді. Бұл құжат Орталық Азияның қазіргі халықаралық және аймақтық қатынастардың жекелеген мәселелері бойынша тәуелсіз ұстанымдары және сауда, инвестиция, бизнес және инновациялар салаларындағы бірыңғай өңірлік мүмкіндіктері бар өзінің аймақтық бірегейлігін сәтті дамытқан аймақ ретінде алғаш рет танылуын білдіреді, – деп пікір білдірген Айдос Сарым.
Саspiannews: Қазақстан 2023 жылы Германияға миллион тонна мұнай жеткізді
Дүние жүзіндегі ең ұзын мұнай құбырларының бірі саналатын «Достық» құбыры Қазақстанды еуропалық мұнай нарығындағы негізгі ойыншыға айналдыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстандағы магистральдық мұнай құбырының операторы «ҚазТрансОйл» 2023 жылы Германияға миллион тоннаға жуық мұнай жеткізді. Бұл туралы caspiannews басылымы хабарлады.
2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қазақстандық мұнайды «Трансмұнай» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға одан әрі жеткізу үшін Адам қақпасы мұнай жеткізу пункті бағыты бойынша тасымалдау көлемі 993 мың тоннаны құрады, – деп жазды басылым Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, «ҚазТрансОйл» 2024 жылдың қаңтарында Германияға одан әрі жеткізу үшін тағы 100 мың тонна мұнай тасымалдауға дайындалып жатыр. Компанияның 2024 жылы Германияға 1,2 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайды жөнелту жөніндегі ауқымды жоспары бар.
The Voice of America: АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі АҚШ-тың Орталық Азиядағы ынтымақтастығы туралы айтты
АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиялық мүдделері тұрақтылық пен егемендікке байланысты. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмның бұл мәлімдемесін The Voice of America ақпарат агенттігі жариялады.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм 4 қаңтарда Каспий саясат орталығының отырысында АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясатының басты мақсаты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның «өз бетінше болуын, толық егемендік пен тәуелсіздік алуын қамтамасыз ету» деп мәлімдеді. Тәуелсіз елдер кіммен ынтымақтасу, кіммен сауда жасау, кіммен қарым-қатынаста болу – артық сыртқы қысымсыз өз таңдауын жасай алады, – деп жазды The Voice of America.
Агенттіктің мәліметінше, Вашингтонның екінші басымдығы, елшінің айтуынша, шекара қауіпсіздігі және терроризммен күрес, үшіншісі сауда мен инвестицияны ынталандыру, төртіншісі – адам құқығы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету.