Абай тағылымындағы салауатты сана

0 2

2025 жылдың 15 қарашасында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Салауатты сана мен мәдениет: ұлттық дәстүрлер мен психологияның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» атты I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға практик-психологтар, мәдениеттанушылар, философтар, педагогтер, докторанттар мен магистранттар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Құрметті қонақтар қатарында «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы Аналар кеңесінің төрайымы Пайза Күненова, ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, өзбек Аналар кеңесінің төрайымы Дилиорум Каримова, «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева болды.

Салтанатты жиын «Дулати жастары» студенттік театрының Абайдың қара сөздерінен сахналық қойылымымен ашылды. Отырысты «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Кабиева жүргізді.

Конференция барысында қоғамдық сана мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалы, рухани-адамгершілік құндылықтардың тұлғалық даму мен қоғамдық сананың саулығына әсері, этно-мәдени ерекшеліктердің психологиядағы орны, рухани жаңғыру және мәдени сана, мәдениетаралық коммуникация және психологиялық үйлесім сияқты өзекті тақырыптар талқыланды.

Сондай-ақ, салауатты сана мен ұлт мәдениеті ғалымдар талқылауында жан-жақты сараланды.

Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова конференция барысында «Салауатты сана» республикалық жобасының маңыздылығына тоқталып, «Мәдениетті ұлт, мәдениетті ана», «Барыңды бағала» сияқты кеңестің әлеуметтік жобаларының нәтижелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Аналар кеңесінің мүшесі, облыстық сот жүйесінің ардагері Уалиға Қайманова «Заң мен тәртіп» тақырыбында, ал «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Ардақ Жантаева «Ұлттық дәстүрдің тәрбиелік маңызы» атты мазмұнды баяндамалар жасады.

Бұл ғылыми басқосу рухани даму мен ұлттық болмыстың үйлесімді ұштасуы арқылы салауатты сананы қалыптастыруды мақсат еткен маңызды диалог алаңы болды.

Айта кету керек, ғалымдар тарапынан Аналар кеңесінің жұмысына жоғары баға берілді. Шара соңында конференцияға қатысушылар марапатталып, арнайы сертификаттарға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.