8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі күні ерлер қауымы нәзік жандарға ерекше көңіл бөліп, сыйлық жасайды. Біреу анасын, екіншісі жұбайын, келесі біреу қызын барынша қуантқысы келеді. Осы мереке қарсаңында Kazinform агенттігінің тілшілері министрлер мен квазимемлекеттік ұйым басшыларынан алған және жасаған ерекше сыйлығы туралы сұраған еді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек жұбайына тауып алған акуланың тісін сыйлапты.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның батысында бұрын үлкен Тетис мұхиты болған. Акуланың тісіне қазір 2,5 миллион жыл, ол өте жақсы сақталған. Оны жұбайыма ғылыммен айналысатын адам ретінде бердім. Басында ол аздап ренжіді, бірақ мен сыйлықтың құндылығын түсіндіргенімде, өкпесі басылды. Бұл жолы мен жұбайымды таңғалдырамын, өйткені мен күні бойы (8 наурызда) үйде боламын. Себебі біз қазір демалыссыз жұмыс істейміз, осы уақыт ішінде бізде бірде-бір демалыс болған жоқ. Жұбайым маған «Үйде бол, мен үшін сол ең үлкен сыйлық» деп айтады», — деді министр.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мерекелік отбасылық дәстүрі туралы айтып берді.
«Жыл сайын 8 наурызда жұбайыма үй шаруасына көмектесемін, дастарқан жайып, мерекелік палау пісіремін. Бұл тағамды менің отбасым ерекше жақсы көреді. Менің бес балам және екі немерем бар. Бұл күні бәріміз бірге әйелімді, анамызды және әжемізді мерекесімен құттықтап, отбасылық жайлылық сыйлаймыз», — деп бөлісті ведомство басшысы.
Аталған мерекені қарсы алуда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің де өз дәстүрі бар екен.
«Әдеттегідей 8 наурызда мен жұбайыма гүл сыйлаймын, бұл дәстүрге айналды. Біздің жастық шағымызда ерекше сыйлық жасап, бірінен бірі озып таңғалдыру деген болған жоқ. Ең бастысы – отбасымен бірге болу және көңіл бөлу. Осы сәтті пайдаланып, жұбайыма алғыс айтқым келеді және еліміздің әйелдер қауымын мерекесімен құттықтаймын. Оларға әйел бақытын, амандық пен зор денсаулық тілеймін», — деді министр.
Әділет министрі Азамат Есқараев «8 наурыз мерекесіне (анаңызға, жұбайыңызға, әпке-қарындасыңызға, қызыңызға) қандай ерекше сыйлық жасадыңыз?» деген сауалға қысқа ғана жауап берді.
«8 наурызда анам мен қыздарыма қызғалдақ сыйлаймын», — деді ол.
Тағы бір ерекше сыйлық Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жақындарынан бұйырыпты.
«Сыйлық алған жақсы. Ал шын жүректен жасалған сыйлық, бәрінен қымбат. Менің 40 жылдық мерейтойымда туыстарым мен балаларым «Аида» театрландырылған қойылымын көрсетті. Бір қызығы, олардың ешқайсысы хореография, драматургиямен айналыспайды, яғни олар өнер саласында жұмыс істемейді. Мен үшін арнайы дайындалып, сахналады. Қойылым керемет жарқын әрі ұмытылмас болып шықты», — деді министр.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова үшін 8 наурызда балаларының қолдан жасаған гүлден артық сыйлық жоқ екен.
«Менің ұлдарымның түрлі түсті қағаздан жасаған раушан гүл шоқтарын ерекше айтып өткім келеді. Сүйіспеншілікпен әрі қолдан жасалған. Ондай сәтте өзіңді әлемдегі ең бақытты адам сезінесің», — деп бөлісті еліміздің бас пошташысы.