Дизайнер Динара Сәтжан 14 жыл бойы ұлттық киімді әлемге паш ету жолында еңбектеніп жүр. Нәтиже жоқ емес. Бүгінде Dinara SATZHAN брендімен танымал сапалы киімдерге қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр.
Сұлулыққа жаны құштар жан киімдегі әр элементті сүзгіден өткізіп, ерекше әрі сапалы өнімді жұрт назарына ұсынуға асық.
– Өз басым 14 жыл бойы қазақ ұлттық брендін дамытып келемін. Бұл менің әу бастағы мақсатым, адал ниетім. Ешкімнің көмегінсіз-ақ жоғары нәтижелерге қол жеткіздім деп нық сеніммен айта аламын. Сапалы әрі әдемі киім әрқашан сұранысқа ие. Тұтынушылардың талабы мен тілегі де ескеріледі. Менің дүкенімде әр көйлек заманауи стильде болса да, ұлттық элементтер қамтылған, – дейді Динара Сәтжан.
Бұл ретте танымал дизайнер соңғы кезде ұлттық элементтер бар киімдерге сұраныс әжептәуір артқанын айтады.
– Менің досым Бейбіт Әлібеков ру аты жазылған жеңіл жейделерді сатып жатыр. Сұраныс өте көп. Ұлттық киім Қазақстанда ғана емес, әлемде трендке айналып жатыр деуге толық негіз бар. Мысалы танымал бренд Louis Vuitton өз дүкенін қазақ үй қылып салды, – дейді ол.
Ұлттық стильдегі fashion-фестивальдердің басы-қасында жүретін Динара Сәтжан отандық дизайнерлердің әлеуетін оң бағалады.
Оның айтуынша, ұлттық киім арқылы ұлттық рухты арттыру аздық етеді.
– Ұлттық рухты ояту үшін ұлттық идеология қажет. Содан кейін материалдық жағдайды жақсарту керек. Содан кейін ғана мәдениет, өнер, ұлттық киім… Не десек те, ұлттық киімді дамытудағы еңбегіміз ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етіп жатқаны анық, – дейді Динара Сәтжан.