Тікұшақ қона алмады: Қаратал ауылының тұрғындары су ортасында қалды

0 4

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал (бұрынғы Берсиев) ауылының тұрғындары мектепте, кейбірі өз үйінің шатырында отыр. Бүгін бәрі сол мектепте қонып шығуға мәжбүр. Себебі тікұшақ екі рет қона алмай кетті.

Берсиев ауылына қарғын су сағат 12:00 шамасында кірген. Сол кезде әйелдер бала-шағасын алып, мектепті паналаса, ер адамдар қорадағы малын ойлап үйінің жанында қалған. Су көтерілгенде олардың бәрі де эвакуациялық бекетке жете алмай, үйдің шатырын паналап кетті.

— Біз қазір мектептің екінші қабатында отырмыз. Мұнда жарық жоқ, газ жоқ, жылу жоқ. Ал жертөлесі суға толып тұр. Балалар тоңып қалды. Өзіміз мектепте отырсақ, ер адамдардың бәрі үйдің төбесінде жүр. Олармен байланыс үзіліп қалды. Тікұшақ екі рет соғып, қона алмай кетті. Біз қол бұлғап қалдық. Жан-жаққа айтып, көмектесіңіздерші, — деді Берсиев ауылының тұрғыны Гүлхан.

Берсиев ауылындағы жағдайдан жергілікті әкімдік хабардар. Тек қолдан келер қайран жоқ.

— Мектеп — эвакуациялық пункт. Ол адамдар сол жерде жиналып отыр. Сыртқа шыға алмайды, суға батып кетуі мүмкін. Жарық мәселесіне келер болсақ, оны қосуға болмайды. Электр тогын қосса, авариялық жағдай болады, жердің бәрі су болған соң. Бүгін кешкілік тікұшақпен 6 адам түсірілді. Олардың резеңке киімі бар. Қолында резеңке қайығы да бар. Сол қайықпен ауылдың үйлерінде қалып қойған адамдарды жинап, мектептің екінші қабатына көтереді. Себебі саманнан салынған үйлер 5-6 сағаттан кейін отырып қалуы мүмкін. Берсиев ауылы бойынша мектеп ең қауіпсіз орын болып тұр, — деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев.

Оның айтуынша, тікұшақ жіберілгенімен, екі рет қона алмай кеткен.

— Айналасының бәрі су, тікұшақтың қонуы мүмкін болмады. Ол тікұшақ кері кетті. Қазіргі кезде біз жіберген 6 адам оларға тамақ, су апарады. Бүгін халық сол мектепте амалдайды. Мектеп құлап жатқан жоқ, — деді Мұратбай Айдарбаев.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланған. Эвакуациялық бекет деп бекітілген мектеп-интернатта 64, колледжде 29, ал спорт мектебінде 27 адам бар. Сонымен бірге жүздеген адам тума-туысына кетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.