Жартыжылдық қорытындысы: армияны жаңғырту, әскери жаттығулар және бітімгерлік қызмет

0 11

 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Қорғаныс министрлігі жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде белгіленген барлық міндеттерді орындады. Армия қызмет бағыттарының барлығы бойынша кезең-кезеңімен дамуын жалғастырып отыр. Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіру басты назарда болды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Жеке құрам бірқатар жоспарлы оқу-жаттығуларды, жауынгерлік дайындықты тосыннан тексеруді және су тасқынының салдарын жоюда бейбіт тұрғындарға көмек көрсету сияқты көптеген жедел-жауынгерлік дайындық шараларын өткізді. 

Негізгі қағидаттар мен тәсілдер

Қарулы Күштерді дамыту үздіксіз үдеріс болып қала береді, ондағы мақсат – еліміздің егемендігі мен тұтастығына кепілдік бере алатын ұрысқа әзір әрі жауынгерлік қабілетті армия құру. Осы тұрғыда стратегиялық бағдарламалық құжаттар, оның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы өзектендірілді, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасын түзету жұмыстары жүргізілді. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құжаттардың иерархиясы регламенттелген Әскери жоспарлаудың жаңа жүйесі де қабылданды.

Басым бағыттар және кезеңдік даму

Қарулы Күштер жауынгерлік құрамын кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасымен Арнайы операциялар күштері басым тәртіппен даму үстінде. Жалпыәскери, әскери-теңіз және авиациялық компоненттерді күшейтуге, барлау-жауынгерлік және әскери-көлік әлеуетін, сондай-ақ артиллерия мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған кешенді ұйымдастыру іс-шаралары өткізілді. Өрттер мен су тасқыны салдарын жою шараларына белсенді қатысатын, сондай-ақ мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне енгізілген аумақтық қорғаныс дамып келеді.

Жауынгерлік дайындық және әскери жаттығулар

Жедел және жауынгерлік дайындық шараларының қарқындылығы айтарлықтай артты. Халықаралық тәжірибе негізінде әскерлердің тактикалық және атыс дайындығы үнемі жетілдіріліп отырады. Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін нығайтуға және кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Сардар» бақылау-кешенді курсы ұйымдастырылды.

Биылғы жылы 2 мыңнан астам жауынгерлік тактикалық және атыс оқу-жаттығулары өткізіліп, штабтар мен әскерлердің дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығына баса назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен алғаш рет облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының жиындары өткізілді. Бұған дейін біз осындай жиын әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша министрлермен және Парламент депутаттарымен өткізілген болатын.

Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, «Бекет» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өткізілді. Алдағы қыркүйек айында осындай оқу-жаттығуды Жамбыл облысының әкімдігімен өткізу жоспарлануда.

Қазақстан Қарулы Күштері халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Ауқымды халықаралық «Бірлестік–2024» оқу-жаттығуына Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери контингенттері: 4 мыңнан астам әскери қызметші және 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.

Оқу-жаттығу барысында қатысушы мемлекеттердің әскери контингенттері қарулы қақтығысты оқшаулау мақсатында бірлескен операциялар жүргізді. Тактикалық эпизодтар жерде, әуеде және Каспий теңізінің акваториясында ойналады.

Оқу-материалдық базаны дамыту

Оқу-материалдық базаны дамыту жалғасуда. Жыл соңына дейін тренажерлер жеткізу және полигон жабдықтарын жөндеу жоспарлануда, бұл жылына 300 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әскери техниканы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Әскери оқытылған резервті дайындау

Әскери оқытылған резервті дайындау ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып қала береді. Әскери міндеттілермен жиындар өткізіледі, ондағы негізгі мақсат – әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, сондай-ақ жұмылдыру жағдайында Қарулы Күштерді орналастыру үшін қажетті резервтер дайындау.

Халықаралық және бітімгерлік қызмет

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан халықаралық және бітімгерлік қызметті жандандырды. Еліміз ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден бір мемлекет. 2024 жылғы наурызда алғаш рет қазақстандық контингент: 139 әскери қызметші, 26 қару-жарақ пен әскери техника БҰҰ миссияларына қатысу үшін Голан жоталарына жіберілді.

Сәуір және мамыр айларында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде халықаралық іс-шаралар өткізілді, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Техниканы қайта жарақтандыру және жаңғырту

Қарулы Күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатыр. Биыл 500-ден астам жаңа техника келіп түсті, 50 техника күрделі жөндеуден өтті.

2024 жылы «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары жеткізіледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешенін және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелерін сатып алу жоспарлануда.

Биыл Әуе қорғанысы күштері заманауи жойғыш ұшақтар мен қару-жарақ класы жоғары дәлдіктегі зениттік зымыран кешенін жеткізеді деп күтілуде. ANKA пилотсыз ауыр класты кешенді тәжірибелік әскери пайдалану жүргізілуде. А400М бірінші ауыр жүк көтергіш әскери-көліктік ұшақ жеткізіледі деп күтілуде. Әскери-теңіз күштері үшін диверсияға қарсы қайық жеткізіледі.

Бронды танк және автокөлік техникасын, әскери әуе шабуылына қарсы қорғанысты, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылды.. Әскерлерде 1,5 мыңнан астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді.

Мерзімді қызмет жағдайын жақсарту

Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар шараларға бастамашылық жасады. Мамыр айында әскери қызметшілерге арналған білім беру гранттарына квоталар бекітетін Заң қабылданды. Тегін оқуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге берілетін болады. Сондай-ақ ЖОО-дағы оқудың бірінші жылында жатақханада тұруға басым құқық берілуі қосымша артықшылық болмақ.

Сондай-ақ әскерге шақырылушыларға арналған «кредиттік каникулдар» жүйесі енгізілді. Жастарды әскери комиссариаттарға бармай-ақ тіркеу процесі автоматтандырылды, бұл жыл сайын тасымалдауда, медициналық қызмет көрсетуде және тіркеу туралы куәлік беруде 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Биыл оған 700-ден астам жасөспірім, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан сияқты өзге елдерден келген 75 өкіл қатысты.

Патриоттық тәрбие

Биыл Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілді. Ақкөл қаласында армия генералы ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, оның жауынгерлік өмір жолы туралы бірқатар бағдарламалар мен бейнероликтер топтамасы шығарылды.

9 мамырда Талдықорған авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Сергей Данилович Луганскийдің есімі берілді.

Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын мерекелеу аясында әскери бөлімдер мен мекемелерде еске алу бұрыштарын ашу, «Біз – батыр елдің ұрпағымыз» әскери-патриоттық акциясы, «Мәңгілік ел алыптары: Рахымжан Қошқарбаев» атты конференциялар мен ерлік сабақтарын өткізу сияқты іс-шаралар жоспарланған.

Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, Қонаев, Балқаш, Түркістан және Щучинск қалаларының сауықтыру орталықтарында 600 әскери қызметшінің балаларына арналған демалыс ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін тағы 500 бала демалуға жіберіледі.

Төтенше жағдайларда көмек көрсету

Бұрын-соңды болмаған көктемгі су тасқыны кезінде әскери қызметшілер тапсырмаларды жанқиярлықпен орындады. Құтқару операцияларына 5,3 мың адам және 326 бірлік техника жұмылдырылды.

Қарулы Күштердің пәрменімен 6,5 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, 1,9 мың адам және 700 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.